АЗЫҚ-ТҮЛІК КОМИТЕТІ – РКФСР Азық-түлік халкоматының жергілікті дайындау- бөлістіру органы (1917 — 21). Бұл к-тті әуелі Уақытша үкімет құрды. Қазан төңкерісіне қарсы болғандықтан, БОАК оны Кеңестердің жанынан құрылған Азық-түлік комиссиясына бағындырды (24.12.1917). БОАК-тің декреті(27.5.1918) бойынша, Азық-түлік комиссариатының жергілікті орындарының губ., обл., у. және қ-лық А.-т. к-тері құрылды, азық-түлік отрядтары жасақталды. Бұлар шетел басқыншылығы мен азамат согысы жағдайында Кеңес үкіметінің азық-түлік саясатын жүзеге асырды. Астыққа және т.б. азық-түлікке монополист болды. Олардың есебін жүргізіп, дайындау, бөлу жұмыстарын атқарды. Азық-түлікті ірі өнеркәсіп орындары мен армияға жөнелтіп отырды. Бұл жұмыста асыра сілтеушілікке жол берілді. Көп жағдайда, халықтың аузындағы соңғы нанын тартып алып, басқа жаққа жіберіп жатты. Ақ чехтар көтерілісіне дейін (1918, мамыр) Қазақстаннан Ресейге 20 млн. пұттан астам астық жөнелтілді. Бұл саясат халықтың азық өндіруге деген ынтасын күрт төмендетіп, онсыз да жетімсіз а. ш. өнімдерін тым азайтып жіберді. Елдің ынтасын арттыру үшін Үкіметке жаңа экономикалық саясатқа көшуге тура келді. А.-т. к. жергілікті кеңестердің азық-түлік бөлімдері болып қайта құрылды.