АЗУТАУ — Марқакөл к-нің оңтүстігін бойлай орналасқан Оңт. Алтайдағы жота. Ұз. 44 км, ені 22 км, ең биік жері 2384 м. Төменгі және орта девонның қышқыл шөгінді- лерінен, жоғарғы девонның габродиориті мен пермь граниттерінен түзілген. А. күмбез тәрізді, төбесінен суайрығы айқын байқалады. Климаты континентті, қысы қатаң да қарлы (қаңтар айының орташа темп-расы -26°С), жазы қоңыржай ылғалды (шілде айының орташа темп-расы 16°С). Жылдық жауын-шашын мөлш. 600— 700 мм. Тік құлама болып келген солт. беткейі Марқакөл к-не тіреліп жатыр. Жота Марқакөл қорығының құрамына енеді. Солт. беткейінің шалғынды дала белдеуінде (1450—1600 м) әр түрлі астық тұқымдасты шалғындар, оңт. беткейінде далалық бетегелі-шалғынды шөптер өседі. Таулы-тайгалы белдеуде (1450—1900 м) балқарағайлы тоғайлар басым. Белдеудің солт. беткейінің жоғарғы бөлігін самырсынды және теректі тоғай қамтып жатыр. Өзен аңғарларында шыршалы тоғайлар кездеседі. Субальпілі белдеу (1900—2000 м) биік шалғынды шөптермен және альпілік шалғындармен көмкерілген. А-да дәрілік өсімдіктер (алтын тамыр, марал тамыры) көп өседі.