АЗОТ БАКТЕРИЯСЫ

АЗОТ БАКТЕРИЯСЫ — атмосферадағы азотты биологиялық жолмен топыраққа қайта сіңдіретін микроорганизмдердің бір тобы. Бұларды алғаш рет француз ғалымдары 1882 ж. М. Жоден, 1885 ж. М. Бертло анықтаған. 1893 ж. орыс ғалымы С.Н. Вино- градский азот сіңіруші микроорганизмді таза күйінде бөліп алған, ал 1901 ж. Голландия ғалымы М. Бейеринк аэробты бактерияларды тапқан. А. б. 2 үлкен топқа бөлінеді: жоғ. сатыдағы өсімдіктердің тамырында түйнек түзетіндер (қ. Симбиоз); топырақта бос күйінде кездесетіндер. Қазіргі кезде соңғысының 30-дан астам түрі белгілі. А. б-ның пішіні таяқша тәрізді, ұз. 2 — 3 мкм, диам. 4 — 6 мкм. Сырты қабықшамен қоршалған. Кейде бұлардың сыртында қатты қалың қабығы (циста) болады. А. б-ның көпшілігі аэробты, яғни ауа бар жерде тіршілік етеді. Аммоний тұздарын, нитриттерді, нитраттарды, амин қышқылдарын қорек етеді. Ауадағы азотты бойына сіңіріп, оны өсімдік тамырларына қажет қосылыстарға айналдырады да, әр түрлі витаминдер, ауксиндер бөліп шығарып, өсімдіктің өсуін жақсартады. А. б-ның арасында спора түзетін бактериялар, яғни анаэробты бактериялар да кездеседі. Олардың ұз. 1,5- 8 мкм. Бұлардың белсенділігі аэробты бактериялармен салыстырғанда төмендеу болады. Ауадағы молек. азоттың басқа хим. элементтермен әрекеттесуі А. б-ның клеткаларында ғана жүреді. Өсімдіктердің азотқа тапшылығын табиғи жолмен қамтамасыз ету үшін А. б-нан түрлі тыңайтқыштар алынады. Осы тыңайтқыштармен өсімдіктер тұқымын, ағаш кілемшелерін дәрілейді. Соның нәтижесінде өсімдіктердің өсуі жылдамдап, өнімділігі артады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *