АЗАМАТ

АЗАМАТ (араб. Азамат: 1) ұлылық, мәртебелілік; 2) тәкаппарлық; 3) кереметтілік; 4) ұлы мәртебелілік [сұлтандар титулы]) – 1) ел азаматы; 2)кәмелеттік; 3) дара тұлға. А.ұғымын мемл.деңгейде қарасытырғанда, ол қоғамның тең құқықты мүшесі мәніне ие болады. Ғыл. – теор. қырынан қарағанда бұл адам құқығы мен азамат құқығының аражігін ажырататын да ұғым. Өйткені А. белгілі бір мемлекеттің, саяси бірлестіктің тең құқықты мүшесі және оның барлық саяси құқықтарына ие тұлға ретінде әрекет етеді.

А. ұғымын кәмелеттік жағынан талдау салыстырмалы сипатта болып келеді. Себебі табиғат, орта, дәстүр, заман ағымы, өмір сүру ерекшеліктері әр елде, әр жерде әр түрлі және ол бірыңғай болып тұрмайды. Соған орай кәмелеттік жас мөлшері де әр елде, әр кезеңде әр қилы. 16 ғ-да Англияда жасөспірімдер қолөнершілік кәсібін игеру үшін тәрбиеші-ұстаз бақылауымен 7 жыл оқыған. Шәкірттер үшін сол ұстаздары жауап берген. Мұнда «кісі 23 жасқа жетпейінше, ол көбіне өзін-өзі басқаруға, дұрыс ой қорытындыларын жасауға әлі тәжірибесі жеткіліксіз, көбіне алыпқашпа сезімдердің жетегінде болады» (Тревельян Дж. М., Социальная история Англии, пер. С англ., М., 1959, с.214) деп есептеген. Сондықтан да олар оқуын бітіріп, 24 жасқа толған соң ғана үйленуге, өз бетімен қызмет атқаруға құқылы болды.

Мұрагерлік билік заңы үшін кәмелеттік негізгі мәнге ие бола қойған жоқ. Мұнда жеке тұлғаның қоғамдағы хал-ахуалы оның жасына емес, әлеум.шығу тегіне, байлық дәрежесіне байланысты еді. Әйтсе де, Шығыс халықтары кәмелеттік жасқа ертерек толатыны айқын. Мұыны халық ауыз әдебиеті үлгілерімен бірге жазба деректер де айғақтайды. Мыс., «Күлтегін» кіші жазуында (732ж.): «Он жаста, шешем Ұмай текті ананың бағына, інім Күлтегін ер атанды. Он алты жасында ағам қағанның ел-жұртын сонша меңгерді. Алты баулы Соғдаққа қарсы соғыстық, талқандадық. Табғаш Оң тұтықтың елу мың әскері келді, Күлтегін жауға жаяу ұмтылды. Оң тұтық басшыларын жорықты нөкерімен қолға түсірді… Жиырма бір жасында Чача сенұнмен соғыстық… Оның жауға қалай тигенін, түркі бектері, жақсы білесіңдер…» деген жолдар Күлтегіннің 10 жаста ұрандап жауға тиіп, 16 жаста ел бастауға да, қол бастауға да жараған А.болғандығына куәлік береді. А. ұғымының дара тұлғалық мәніне де мысал бола алатын мұндай тарихи деректер Шығыс халықтарында, соның ішінде түркі қауымдарында көптеп кездеседі.

Қазақстанда қазір 16 жастан бастап ресми түрде мемлекет азаматтығына қабылданады, ал үйленіп, отау құруға 18 жастан (Украина мен Өзбекстанда 17 жастан) ғана рұқсат етіледі.

Қазақстан азаматтарының қоғамдағы орны мен негізгі құқылтары Қазақстан Республикасы Конституциясының ІІ-бөлімінде белгіленген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *