«АЗАМАТ СЕРІКТІГІ» — қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысқан мәдени ұйым. А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың ұйымдастыруымен 1913 ж. желтоқсан айында Орынборда құрылған. Негізгі мақсаты – мүшелік жарна (әр адамнан – 100 сом) есебінен «Қазақ» газетінің үзіліссіз шығып тұруына жәрдемдесу. Сондай-ақ қазақ қоғамындағы оқу – ағарту жұмыстарын өрістеп, зәру оқу құралдары мен әдебиеттерді баспадан шығару, мектеп-медреселердегі мұқтаж шәкірттерге қаржылай көмек бер, т.б. қайырымдылық шараларын ұйымдастыру ісімен айналысты. Оған Ә. Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Ш.Құдайбердиев, Н.Құлжанова және т.с.с. қазақ зиялылары мүше болған. Ахмет пен Міржақып «Алаш азаматтарына» деген мақалада («Қазақ» газеті, 1913 ж., №42): «Бұл серіктік – көпес серіктігі емес, кәсіпші серіктігі емес, «Азамат серіктігі». Бұған кіретін адамдар жұмысы турасында жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен серітес болуы қажет» деп жазды. «А. с-нің» қай жылы таратылғаны белгісіз.