АҒЫНТАЙ (т.ж. б. — 1672) — батыр, Есім мен Жәңгір хандардың сенімді серіктерінің бірі. А. 1620 жылдан бастап жоңғарлармен болған ірі шайқастардың барлығына қатыс— қан. Қалмақ батырларымен әлденеше рет жекпе-жекке шығып, үнемі мерейі үстем болып отырған. А. Орбұлақ шайқасында (1643) Батыр қонтайшының 50 мың жауынгеріне төтеп берген Салқам Жәңгірдің 600 сарбазының ішінде болды. Шапырашты Қарасай батырмен бірге Жәңгірді қалмақ тұтқынынан босатуға қатысқан. Аңыздарда А. батырдың орасан зор қара күш иесі екендігі де айтылады. Жұдырығы тигенді сау қалдырмаған. Сондықтан да халық жұдырығы қатты адамды “А. жұдырық” деп атап кеткен. Дүниеден өткеннен соң А-ды Солт. Қазақстан обл. Айыртау ауд. Құлшынбай төбесіне, досы шапырашты Қарасай батыр бейітінің қасына жерлеген.