АҒЫНАН ЖАРЫЛУ — ішкі сырын бүкпесіз білдіріп, болған істің шындығын немесе өз ойын жасырмай ақтарып салу. А. ж. — адам мінезіндегі ұнамды қасиет. Ақ жарқын жайдарылықты, адал ниет, ақпейілді, таза ой мен әділдікті білдіреді. Мінезі ақ жарқын адам өзінің ойы мен мақсат-мүддесін, басынан кешірген оқиғаларын, көңіл-күйін жасырмай ашық білдіреді. Ақ көңіл, адал адамның мінез-құлқын қастерлеген халқымыз “Ақ көңілдің аты арымас, тоны тозбас” — дейді. А. ж-лып сөйлейтін ашық мінезді жайдары адам айналасындағыларға таза ниетімен қарайды. Ондай адамның жанашыр дос-жарандары да көп болады. Оны үнемі құрметтеп өзара сыйласымды қарым-қатынас жасайды. Халық таза ойлы, әділ, адал адамды дос санап, оның туралығы мен шыншылдығына қолдау көрсетеді, өзгелерге үлгі-өнеге етеді. Мұндай қасиет адамның кісілік беделін арттырып, халық арасында құрметке бөлейді.