АҒЫЛШЫН ТІЛІ – дүние жүзіне ең көп таралған тіл. Үндіеуропа тілдерінің батыс герман тобына жатады. А.т. құрылымы жағынан флективті. Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландияның мемл. тілі болып табылады. Канадада (француз тілімен қатар), Ирландияда (ирланд тілімен қатар) мемл. қос тілдің бірі. БҰҰ-да қабылданған ресми алты тілдің негізгісі. Алты құрлыққа кең тараған бұл тілде қазір 400 млн- нан астам адам сөйлейді. Қазақстанда да 20-ғ-дың 50- жылдарынан бастап қазіргі Абылай хан атынд. Қазақ мемл. халықар. қатынастар және әлем тілдері ун-тінде, өзге де жоғары және орта оқу орындарында А. т. оқытылып, мамандар дайындалды. Жеке пән түрінде мектеп бағдарламаларына енгізілді. А.т-нің түп-төркіні 5—6 ғ-да құрлықтан Британ аралына қоныс аударған англ, сакс, ют тайпалары мен аралдағы байырғы кельт (бриттер) тайпаларының тілі болып саналады. А.т-нің даму тарихы ежелгі ағылшындық (7-11 ғ.), орта (12-15 ғ.) және жаңа (15 ғ-дан бері) дәуір болып үш кезеңге бөлінеді. А.т-дегі жазба ескерткіштер 7-8 ғ-дан белгілі. Ол уақытта ағылшындар руна жазуын пайдаланып, тасқа, ағашқа, сүйекке ойып жазған. 6-7 ғ-да ағылшындар арасында христиан дінінің таралуына байланысты руна жазуы қолданыстан шығып, латын әліпбиі қолданыла бастады. Ағылшындар латын әліпбиін ілгері дамытып, оған W,J және V әріптерін қосты. 1066 ж. Англияны нормандар басып алды да, мемл. тіл — француз тілі болып, А. т. қарапайым ха- лықтың сөйлеу тілі есебінде сақталды. 1476 ж. Англияда А.т-нде кітап басып шығару басталды. Бұл жағдай Лондон диалектісі негізінде ағылшынның жазба әдеби тілін қалып- тастырды.
А.т-і британдық және американдық болып екі түрге бөлінеді. Британдық А.т. өз ішінде шотландиялық, солтүстік, батыс, шығыс, оңтүстік диалектерге жіктеледі. 7 – 11 ғ-да англо-саксон тілінде 4 диалект болған: нартумбриялық, мерсиялық, уэссек және кент.
А. т-нің басты ерекшеліктері: а) фонетика жүйесінде дыбыстарының көпшілігі біресе созылыңқы, біресе қысқа айтылады. Осыған орай, А. т-нде сөз мағынасы бірсыдырғы өз- геріске түсуі мүмкін; б) морфол. саласындағы өзгешелік: сын есім мен сан есімнің бар- лық жалғаулары, яғни септіктері, сондай-ақ зат есім мен етістік аффикстерінің көбі бұл күнде тарихи өзгерістерге түскен. Соған орай, А. т-де сөз бен сөзді байланыстыратын предлогтар, артикльдер, сондай-ақ көмекші етістік сияқты жаңа тұлғалар, формалар (морфемалар) пайда болған. А.т-нің жазу ережелері мен сөздердің айтылуында айырмашылықтар бар. Орфограф. ережелер бойынша бұрынғы және қазіргі А. т-ндегі дыбыстардың өзгерістері жазуда қатаң сақталады.