АҒАШАЯҚ (шын аты-жөні Назаролла Жүндібайұлы; 1818, бұрынғы Семей губ. Өскемен уезі, Делбегетей болысы, Сапақ а. — 1898, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Жарма ауд. Саттық қыстағы) — әнші-ақын, өнерпаз. Жастайынан қолына домбыра ұстап, өлең айтқан, серілік құрған. 18 жасында әнші, ақын, сері, балуан деген атаққа ие болды. Екі бақанмен аттылы адаммен жарысқа түсуі оны ел ішінде А. атандырады. А. ала- қанымен аузын қақпақылдай отырып, түрлі аң-кұстың әуеніне салған, осыған қоса бет- әлпетін құбылтып, неше алуан күлдіргі ойындар көрсеткен. “Беташар”, “Билерге”, “Баласы Жүндібайдың атым Назар”, т.б. мысқыл өлеңдерінде әділетсіз атқамінерлерді шенесе, “Атандым өзім Назар Ағашаяқ”, “ Жарқылдадым жас күнде”, “Кәрілік” секілді өлеңдерінде көңіл күйін, өмірден көріп-түйгенін тақпақ, нақыл сөздер арқылы білдіреді. Оның “Қара жорға”, “Ау, жаным, Жәнікей-ау”, “Сары өзен” әндері ел ішіне кең тараған. А. өлеңдері ҚР ҒМ-ҒА-ның Әдебиет және өнер ин-тының қолжазбалар орталығында сақтаулы.