АЖАЛ ( араб. әджәл — белгіленген уақыт, мөлшерлі мерзім) — адамның фәни дүниедегі тіршілігінің соңы, өлім, қаза; А. ұғымы адам баласының өмірі алдын ала құдай құдіретімен белгіленіп қойылған дейтін көне сенім-наным, түсініктерді де қамтиды. “Тағдыр”, “маңдайға жазылған”, “жазмыш”, “пешенеде бар” деген секілді сөздер осының дәлелі. “Айғайласып жауға ти! Тәңірім білер жігіттер, ажалымыз қайданды!” (Махамбет), “Тәуекел ет те тас жұт, Ажал жетпей өлмек жоқ” (мәтел) деген тіркестерден де А. мен тағдыр ұғымдарының арасындағы байланысты аңғарамыз. Дүниетаным тұрғысынан алып қарағанда А. тіршіліктің кажетті де, маңызды бір шарты. А. адам үшін табиғи ырықсыз процесс қана емес, сонымен бірге қоғамдық қарым-қатынастар шеңберінде енетін адамгершілік және әлеум. мәні бар жайт болып табылады. Дінтануда А. туралы түрлі қағидалар мен ағымдар кездеседі.