АДИАБАТАЛЫҚ ПРОЦЕСС, адиабаттық процесс — қоршаған ортамен жылу алмаспайтын физ. жүйеде өтетін термодинамикалық процесс. А. п. жылу өткізбейтін (адиабаталық) қабықшалармен қоршалған жүйелерде өтеді деп есептелінеді. Сыртқы орта мен жүйе арасында жылу алмасып үлгере алмайтындай уақытта тез өтетін процестер (жылу оқшаулағыш қабықшалары болмайтын) А. п. ретінде қарастырылады. Оған, мыс., дыбыстың ауада таралуы, жылу қозғалтқыштарының цилиндрі ішіндегі газдың сығылуы (немесе ұлғаюы), т.б. жатады. Газ сығылғанда темп-ра көтеріледі, ұлғайғанда төмендейді. А. п. қайтымды және қайтымсыз процесс түрінде өтуі мүмкін.