АДЕНАУЭР (Аdenauer) Конрад (5.1.1876 — 19.4.1967) — мемлекет қайраткері. 1917 — 33 ж. Кёльн қ-ның обербургомистрі. 1920 — 32 ж. Пруссия мемл. кеңесінің мүшесі және төрағасы. 1949 — 1963 ж. ГФР канцлері. А. католиктік “Орталық’’ партиясы жетекшілерінің бірі болған. Фашистер өкімет басына келген соң ол барлық қызметінен босатылды, 1944 жылғы 20 шілдедегі Гитлерге қарсы наразылық әрекетінен кейін тұтқынға алынды. 1946 ж. “Христиандық-демократиялық одақтың” ағылшын бел- деуіндегі төрағасы, ал 1950 — 66 ж. жалпы батысгермандық одақтың төрағасы болды. 1949 — 63 ж. ГФР тарихында “Аденауэр дәуірі” деп аталады. Бұл кезеңде ГФР-дың саяси және әлеум.-экон. жүйесінің негізі салынып, ішкі және сыртқы саясатының басты бағыттары белгіленді. А. ГФР-дың қоғамдық-саяси өмірінде демокр. негіздердің берік орнығуына үлкен үлес қосты. Ол еуропалық интеграцияның дамуына және Германияның Еуропа жүйесінен бөлініп қалмауына күш салды. “Аденауэр дәуірінде” ГФР Батыстың экон. қуаты ең жоғары мемлекеттерінің біріне айналды.