АДАСУ, 1) жолдан жаңылу, жүріп келе жатқан бағдарынан шатасу, бір нәрседен көз жа- зып қалу; 2) өмір жолында қателесу, теріс жолға түсу, азғындау, яғни адамгершілік, кісілік жолынан шығу. Ислам дінінде кісілік жолы “құдай жолы” мәнімен үндеседі. Абай: әділет пен шапағаттан айрылу — А-дың басы екенін аңғартады. “…Ғадаләт, шапағаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та һәммасы босанады, Аллаяр софының бір фәрдәдан жүз фәрдә бижай (жайсыз, қолайсыз) дегені басыңа келеді” дейді. “Мал, мақтан, ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егер адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады” дейді тағы бір тұста ұлы ақын. Бұл ғақлият сөздер кісілік жолдан шығаратын, яғни адамды жалған елестер- мен жаңылдырып, адастыратын не нәрселер екенін және одан аулақ болудың шартын айқын көрсетеді.