АДАМ

АДАМ (homo sapiens) — жер бетіндегі ең жоғарғы даму сатысындағы тіршілік иесі, қоғамдық-тарихи әрекет пен мәдениетті жасаушы, А. — филос., социология, психол., фи- зиол., пед., мед., т.б. ғылымдардың объектісі болып табылады. А. мәселесі, оның пайда болуы, өмірде алатын орны, тіршілігінің мәні мен мақсаты адамзат танымының фор- малары — әпсаналардағы (мифологиядағы), діндегі, философиядағы, ғылымдағы ең не- гізгі мәселе. Бұл жөніндегі әңгімелер ертедегі Стоя қ-ның ойшылдары (Сенека, т.б.) мен Сократтан басталады. (Протагор: “адам — заттардың өлшемі”, Сократ: “өзінді-өзің та- нып біл”). Ежелгі Үнді, Қытай, Грекия филос-сында А. әлемнің бір бөлігі ретінде қа- растырылады. Демокрит түсіндірмесінде А. микрокосм, “кіші әлем”, ол сондай-ақ түпнегіздерден құралады; А. денесі мен рухы ақиқаттың екі жағы (аристотелизм) немесе екі ерекше түпкізаты (платонизм). Үнді филос-сындағы жанның көшуі туралы ілім тіршілік иелері арасындағы шекараны белгілейді, бірақ тек адам ғана эмпириялық өмір сүру тұсауынан кармасансара заңы арқылы құтылуға ұмтылады. Антикалық философия үшін (Аристотель) А-ды қоғамдық, өмірге икемді тіршілік, рух, парасат иесі ретінде тану анықтаушы фактор болды. Ортағасырлық шығыс өкілдері де (Әбу Наср әл-Фараби, т.б.) діннің ықпалы күшейіп тұрғандығына қарамастан Аристотельдің осы түсінігін әрі қарай жалғастырды. Қайта өркендеу дәуірінде А. құдайдан дарыған еріктілік күші арқасында өз өмірі мен тағдырының негізін қалаушы және табиғаттың шектеусіз билеушісі ретінде танылды, сондықтан шебер жаратушының бейнесі Ренессанс символына айналды. 17 ғ. (ғыл. рев. ғ-нда) мен 18 ғ. (ағартушылық дәуірінде) рационалистерінің ұғынуында нақ сол парасат, ақыл- ой адамның түпкізаты, өзіне тән ерекшелігі ретінде қарастырылады. Классик. неміс филос-сы үшін А. мәдениетті жаратушы, рухани іс-әрекет субъектісі және жалпы идеалдық бастау, яғни рух, парасат иесі. 19-20 ғ. постклассик. филос. (Ницше, Шопенгауэр, Кьеркегор және т.б.) сезім, ырық және т.с.с. А-дық ақылдан тыс қабілеттер деп біледі. Қазіргі филос. А. тіршілігінің мәнін белгілі бір құндылықты қалаумен байланыстырады. Бұл қалаудың барысында адам тарихтың әрі алғышарты әрі жемісі болып шығады. А-ның әлеум. мәніне назар аудара отырып, қазіргі филос. сонымен бірге әлеум. және биол. факторлардың өзара күрделі әсерін, әлеум. факторлардың басымдылығын ескереді. Әйтсе де, “табиғи түрде” әрекет ететін биол. факторлардың зор маңызы бар екендігін де ұмытпау қажет. Болашақтағы А. парасатты, иманды, елгезек те қарекетшіл, сонымен бірге сұлулықтан ләззат ала білетін, рухани кемел, жан-жақты да- мыған тұлға. Ол қоғамдық тірлікте қайталанбас бітім, бірегей тұлға ретіндегі өзіндік “менімен” танылатын болады. Зерттеушілер пікірінше, А. жерде шамамен осыдан 2 — 3 млн. жыл бұрын пайда болды. Ол бірнеше эволюц. кезеңдерден (питекантроп, гейдельберг адамы, неандертальдар) өтіп, осыдан 30 — 40 мың жыл бұрын, Ноmo sapiens (лат. зерделі адам) кейпіне енді де, бірте-бірте қазіргі адамдарға тән биол. қасиеттерге ие болды (кроманьондар).

Абай, Шәкәрім және ислам теологы Әбу Мұхаммед әл-Ғазали тәрізді даналардың ай- туынша, А. болмысы үш бөліктен құралады: тән, нәзік болмыс және жан. Т ә н — та- биғаттың негізгі бес элементінен: топырақтан, судан, ауадан, оттан және эфирден тұрады. Тәннің құрылысын, оның жұмысын, өзгеру зандылықтарын медицинаға байланысты ғылым салалары зерттейді- А- ныңнәзік болмысына — сезім, ой-өріс, ақыл-ес, түйсік және “мен” деген түсінік жатады. Бүлардың табиғатын үғыну өте қиын. Нәзік болмыс табиғи және әлеум. ортаға байланысты қалыптасады. Оны психология, парапсихология, спиритуализм, магия, бақсылық, йога тәрізді А. психикасын зерттейтін ғылымдар мен окульттік ағымдар қарастырады. Нәзік болмыстың түрлі атаулары бар: арабша — хауас сәлим, қазақша — рух, санскритте — аура, орысша — дух, латынша — спирит, ғылымда — психо- энергет. жүйе т.с.с. Ж а н — А. өмірін басқарушы, қуат көзі, тіршілік болмысы болып табылады. Тән мен материалдық болмыс оның уақытша киген киімі тәрізді. Олар ауысып отырады. Жан білімге және рухани ләззатқа құштар болғандықтан, ол бұл қасиеттердің қайнар көзін қоршаған ортаның материалдық болмысынан іздейді. Материалдық болмыс болса, әрқашан ақиқатты көмескілеп, бұрмалап көрсетеді және мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, ол жанды толық қанағаттандыра алмайды. Бұл жан мен тән арасындағы қайшылықты және олардың өзіндік сипаттағы үздіксіз күресін туғызады. Шығыс филос-сы бойынша А-ның жетілуі дегеніміз жанның материалдық құрсаудан босану барысы. Материалдық құрсаудан неғұрлым азат болса, жан соғұрлым жетілген болып есептеледі. А-ның басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы да осында. А. материалдық болмысқа хайуанат дүниесіне қарағанда әлдеқайда тәуелсіз. Сондықтан оның өмірлік мақсаттарға жету мүмкіндігі мол. Жанның толығуы тек рухани жолмен ғана іске асады. Оның қасиеттері жетілу барысында білінеді. Рухани жетілген А-ның бүкіл болмысы кемелді келеді. Абай тәнді жан билеу керек екенін айтады.. Жан тәнді нәзік болмыс арқылы билейді.Сондықтан жан неғұрлым таза болса, А- ның іс-әрекеті де соғұрлым кемел. Бұл А. өмірін мазмұнды етіп, бақыт сезіміне бөлейді. А. “микрокосм” болғандықтан, оның өмірі “макрокосм” болып табылатын бүкіл әлем өмірімен тығыз байланыста. Сондықтан әркімнің өмірі бүкіл әлем зандылықтарымен толық үйлесімді болғаны абзал. Абай өзін тәнмен балап, табиғи сезімдерінің ықпалында жүргенді “пенде” деп, нәзік болмысын жетілдірген интеллектуалдарды “адам” деп, ал жан тазалығы үшін рухани жолға түскендерді “толық адам” деп атайды.

Адам үшін дүниеде тек тірі организм болып тіршілік ету, организмдік мұқтаждықтардың шеңберімен шектелу жеткіліксіз. Оның дүниеде болуын ақтай алатын нәрсе — мәнділік. Яғни, адамдықтың мәні. Бірақ кейбіреулер осы тірлікті ғана қамтамасыз етуді, соның мұқтаждықтарына ғана қызмет етуді өз өмірінің бірден-бір мәні немесе мағынасы деп білуі де мүмкін. Осылай ойлайтын адамдар аз да емес. Өмір сүрудің қиындығы көбінесе осылай ойлауға негіз де береді. Әйтсе де, егер адамдардың барлық әрекеттері мен қылықтарын олардың организмдік, тек тәндік мұқтаждықтары ақтай алатын болса, онда адамға ғана тән көп нәрселер болмас еді. Ең алдымен, оларға мұндай жағдайда қоғамдасудың керегі шамалы. Ол үшін қоғамдасудың ең алғашқы жануарларда кездесетін қарапайым түрлері де жеткілікті. Қоғамдасудың түпкі мәні — адамдарға қажеггі кұндылықтарды орнықтыру, оларды сақтау екенін көреміз. Себебі, сол құндылықтарды сақтау үшін қоғам жеке адамдардың өзімшілдігін құрбан етуді, тежеуді талап етеді Қауымдық дәуірде, мыс., ру мен тайпаның сақталуы үшін, ұрпақ пен ұрпақтың жалғасуы үшін жеке адамдардан екінің бірінде өз өмірін қиюды қажет еткен. Ал жеке адам оны кө- бінесе даусыз мойындаған. Яғни, әрбір жеке адам өз өмірінен бағалырақ нәрсенің бол- ғанын ұғынған. Адамдардың өмір сүруінің өзі де олар үшін белгілі бір мәнділікке ие. Тір- шілікте тірі жәндіктің бірі болу да адам үшін аз да болса, барлық мәнділіктердің алғышар- ты. Тіпті қандай да болмасын мәнділік содан басталады. Өз өмірін де, басқа адамдардың өмірін де, тіпті жер бетіндегі тіршілік атаулыны бағалай білу мәнділіктің басталатын жалпы көзі. Бірақ осы мәнділікті, осы құндылықты өз жан дүниесінің үнемі ақтаушы, оның рухани ұмтылыстарына ұдайы бағыт беруші күшке айналдыру — тек адамның өз тіршілігінен жалпы тірлікті жоғары қою шартынан шығады.Осы жалпылықты өзі үшін мән етуден басталады.

Адамгершілікті, ізгілікті, әділеттілікті мойындаудан басқа шексіз байлыққа, билікке, үстемдік пен озбырлыққа ұмтылушылық та көп адамдардың көкейтесті пиғылдарына айналатындығы тарихтан белгілі. Гегель “Бостандық — адам мәні” дейді. Жеке адамдар өмірінің мәні болған тағы да осындай нәрселерді айтуға болады. Сол сияқты тарихи кезеңдер бір халықтың, таптың т.т. екіншілеріне үстемдік етуге ұмтылуы, тіпті оларды жойып жіберуді көздеуі осындай мәннің орнын басады. Фашизм идеологиясы солардың бірі. Олай болса, мәнді болу тек қана игілікті, ізгілікті болу деген сөз емес. Мәңгіліктің адамдарды басқа барлық жәндіктерден бөлектетіп тұратыны – оның адамдарға табиғаттан берілген тума қасиет еместігінде. Адам туғанда мәнімен бірге тумайды. Ол кейінгі қалыптасуында ғана мәңгілкке ие болуы мүмкін. Және ол да тек мүмкін нәрсе. Онда бұлтартпайтын қажеттілік, заң жоқ. Себебі дүниеге келген нәрестенің адам болуының өзі де мүмкіншілік ғана, ол болмай қалмайтын тағдыр емес. Сондықтан да, адамдардың әрқайсысы белгілі бір мәңгілікті өзі жасайды. Яғни оның таңдайтыны өзінің биол. қасиетінен басқа да болуы және сол өзінің биол. болмысы да болуы мүмкін.

Белгілі бір тарихи дәуірге немесе ортаға тән мәнділік сол дәуірдегі, не ортадағы адамдардың жалпы рухани кескінін құрайтын нәрсе. Адамдардағы нақты істер мен мақсаттар, олардың ойлау ерекшелігі (менталитет), жалпы тіршілігі мен ойлауының логикасы сол ішкі мәнділікпен сәулеленіп тұрады, белгілі дәрежеде соның көрінісі деуге болады. Сондықтан да мәнділік көбінесе тікелей көзге көрінетін құбылыс емес. Белгілі бір ортаның рухани мәдениетінің өзгеше болып тұратыны да оның түпкі негізінде ерекше мәннің жататындығынан. Осындай мән белгілі бір мәдениеттің ішкі ұйтқысы. Мыс., байырғы қауымдасудың дәрежесінде 20 ғ-ға дейін сақталған Америка, Австралияның, т.б. жерлердің тайпаларын зерттеген Еуропа ғалымдары сол тайпа адамдарының іс-әрекеттерін, әсіресе, олардың ойлау логикасын көп уақыт түсіне алған жоқ. Оларға әуелде (Э. Дюркгейм, әсіресе, Л. Леви-Брюль) қауым адамдарының ойлауында ешқандай логика жоқ сияқты көрінген. Бірақ кейінгі кезеңдерде олардың ойлауы еуропалықтарға ұқсамайтын басқаша тәртіппен, заңдылықпен іске асатындығы айқындала бастады. Прологик. (яғни логик, дәрежеге дейінгі) деп есептеліп келген ойлаудың өзіндік өзгеше логикасының бар екені белгілі болды. Оның себебі ойлаудың барлық мәнін сыртқы объективтік дүниенің себеп-салдарлық байланыстары арқылы ғана көретін, сыртқы дүниені тек пайдалануға бағышталған еуропалық ойлау негізінде басқа мән жатқан ой- лауды, рухани мәдениетті түсіне алмады. Байырғы қауым адамдарының мәдениетіне, ой- лауына, табиғатқа, болмысқа осы тұрғыдан қарау жат нәрсе. Осы қатесін Л. Леви-Брюль кейін өзі де мойындаған. А-ның дүниеге қатынасы, оның негізгі сипаты мен табиғаты осы мәнмен анықталады. Сыртқы табиғатты өзгерту қызметінің өзі негізгі екі түрлі мәнді іске асыру үшін болуы мүмкін: біріншіден, табиғат пен адамның бірін-бірі толықтыратын, жаңғыртатын үйлесімді байланысы және екіншіден, табиғатты тек пайдалануға ұмтылу. Табиғатқа тек қана пайдагершіліктің көзімен қарап, тек өзінің бір мұқтаждығының тұрғысынан қатынас жасау антик. дәуірден бастап Еуропада кең өріс алды. Онда табиғатты тек А-ның бір кәдесіне жарайтын немесе жарамайтын заттар мен құбылыстардың арсеналы, табиғи қоймасы ретінде ғана қарап іс-әрекет жасау басым болды. Әрине, еуропалық өмірде басқа көзқарастар да бар, бірақ әңгіме қандай пи- ғылдың жетекші, басым болғандығында. Осы пайдагерлік қатынас үстем болған, тіпті бәз біреулердің жан дүниесінде жалғыз ғана құмарлыққа ие болған жерде табиғаттың, басқа адамдардың, жалпы өзінен тыс құбылыстардың қайсысы болса да өзіндік дербес мағынасынан айрылады, ондай жандар үшін табиғаттың кез келген заты я пайдалы, я пайдасыз, олардың өзіндік құндылығы ол үшін жоқпен тең. Сондықтан ондай А., ондай қоғам табиғатты тәуелсіз мағынасы үшін қастерлемейді, мәпелемейді, тіпті сақтауға да ұмтылмайды, одан тек керегін алып, жоя беруге даяр. Бұл белгілі бір мәнділіктің ешбір қоспасыз “таза” анықтамасы. Бірақ өмірде ол қатынас “кіршіксіз” күйінде кездесе бер- мейді. Өкінішке орай, өзіміз өмір сүріп отырған дүниемізде осы қатынас басым. Соның арқасында өзімізді қоршап отырған табиғат орасан зор зардап шегуде. Бұл қатынас түбірінен өзгермесе (бүкіл әлемдік шеңберде) адамзат қазіргісінен де зор апаттарға ұшырауы сөзсіз. Бұл тарихтағы жалған мәнділіктің бір көрінісі.

А-дарға өз құлқынан басқаның бәрін тәрік етушілік меңдеп кеткен дәуірлерде ол та- биғатқа ғана емес, ең алдымен адамның адамға қатынасында ең үлкен апаттарға душар етеді. Осындай пиғыл 20 ғ-да айрықша зор алапаттар туғызды. Оның кейбір мысалдары: екі рет болған дүн. жүз. соғыс, белгілі кезеңде Еуропада бел алған фашизм, бұрынғы КСРО-дағы тоталитарлық тәртіп, бүкіл әлемді, соның ішінде Қазақстанды да қамтыған экол. дағдарыс. Екінші бір мәнділік: табиғатты өзгертуге, меңгеруге, үстемдік етуге, пай- далануға біршама енжарлық, бірақ оның есесіне, табиғатпен үйлесімді тіршілікке бейімділік, көбінесе, Шығыста айқынырақ көрінді. 20 ғ-ға дейін осылай болды. Бірақ мұнда да мәнділіктің алғашқы үлгісі белең ала бастады. Қауымдық қоғамдасу дәуірінде адамдардың барлық істері мен әрекеттері дәстүрлі жолмен реттелген. Басқаша айтқанда, аталар ұрпағының рулық мұраттарына сай орнатылған тәртіптері мен нормалары, құндылықтары — әрбір іске, әрекетке баға берудің өлшемі. Ол нормаларда жеке адамның дербестігіне, оның өзіндік бір басқа құндылықты қалауына орын жоқ. Жеке өмірдің әрбір басатын қадамына дейін салт, дәстүр, үрдістермен анықталып, бекітіліп қойылған. Өмірдің эталоны, мұраты, адамның адамдығының өлшемі аталар орнатқан тәртіпке оралу, содан ұдайы ауытқымау болғандықтан өзгеріс атаулы ол қоғамда теріс бағаланады. Қоғамдық қарым-қатынастар бір кезде қалай ұйымдастырылса, әсіресе, не үшін ұйымдастырылса, сол айнымай сақталып, үнемі қайталанып отыруы тиіс. Оның принципі — жеке адамды қоғамдық бүтіндікке толық мойынсұндыру деуге болады. Осы кезеңде және антика мен орта ғ-ларда сақталған түсініктер бойынша адамдар іс-әрекеттерінде әр нәрсенің өзінің белгілі бір шамасының бар екенін, сол шамадан асып кетсе, жаманшылыққа соқтыратынын ұмытпауы керек. Ол шаманы әр түрлі рухани филос. және күнделікті ойлаудың түсініктері бойынша құдайлар, табиғат, не ғарыш, мемл., не қоғам т.т. орнатқан. Сонымен қатар ондай өлшемдер өмірде бар, берік орныққан ғана тәртіптер емес, олар адамдардың ұдайы ұмтылатын, көздейтін, аңсайтын немесе міндетті нәрселер және соған сәйкес олар ақиқаттың, тамашалықтың, әсемдіктің, игіліктіліктің үлгісі. Қазақ халқының ұғымында адамның мінез-құлқындағы астамшылық-осындай өлшемдерден асып кету, өлшемдерден аттау. А-дардың кісі (субъект) ретінде даму деңгейі қашан да әр түрлі. Жекелеген адамдар, кейбір тұлғалар осындай даму жағынан көпшіліктен ілгерілеп кетіп жатады. Олар адамдық, тұлғалық дамудың жаңа өрістерін, соны жолдарын ай- қындап, өздері сол жаңа болмыстарында өмір кешетіні болады. Олар басқа адамдармен осы өздері ашқан және өздеріне тән еткен өлшеммен қарым-қатынас жасайтыны түсі- нікті. Ал бұл жаңа өлшем, адамдықты басқаша өлшеу, оны басқа қасиеттерден көру, әрине, көпшілікке түсініксіз. Замандастарының көпшілігі оны өздеріне жат, тіпті қауіпті нәрседей қабылдауы хақ. Сонымен бірге адамдыққа жат мүдделердің үстемдік құрған кездерінде адамдардың көпшілігінің көңіл-күйінде жекелеген тұлғаның, әсіресе, рухани жасампаздық жағынан алғандағы тұлғаның үздіктігіне деген жауығу пайда болатыны да бар. Бұл қатардағы адамның әрқайсысының өзін субъект емес, объект деп сезінуінің көрінісі. Ал объектілер, яғни тек сыртқы бір ықпалдың күшімен ғана қозғалысқа келетін нәрселер, жалпы алғанда бірдей болуға тиіс. Олардың біреуін барлық уақытта екіншісімен ауыстыра салуға болады. Ал үздік тұлғаны басқа ешнәрсемен ауыстыра алмайсың. Оның өлшемі біреу-ақ.

Жеке адамға көпшіліктің ұстанған нормаларын күшпен таңу әділетсіздік. Өйткені кейбір жағдайларда жеке тұлғаның өлшемі мазмұны жағынан көпшіліктің нормасына қарағанда шексіздік болып түрады, яғни бүкіл адамзаттың дамуының үлгісі бола алады. Тарихта ол жөнінде мысалдар жеткілікті. Мен данамын деп жүргендердің бәрін де әшкерелеп, дана емес екендігін көрсетіп жүрген Сократ Афинадағы көп адамдарға ұнамай, ақыр соңында оны соттап, у ішуге ұйғарғаны белгілі. Өз ортасында кезінде ең озық ойшылдардың бірі болған Абайдың да замандастарының көпшілігінен түсіністік таба алмағаны мәлім. Тіпті өзіне ең жақын, оны бағалай білді дейтін кісілердің өздері де оның ойының көп жақтарына өресі жете алған жоқ. Өзін қолдайтын адамдардың ортасында жүрген күннің өзінде де ондай ойшылдардың жалғыздықты сезінетіні сондықтан.

Бұлардан шығатын қорытынды: өзіне бөтен, өзгеше, жат көрінетін көзқарастарға, өл- шемдерге төзімділік қажет. Кез келген А-ның сан алуан өлшемдермен тіршілік етуіне құқықтары бар, тек олар өз өлшемдерін бір-біріне күштеп қабылдатудан бас тартуы ке- рек. Онсыз А-дар арасында толастамайтын мәңгілік соғыс бола береді. Адамзаттың бүкіл өткен тарихы осылай болып келді және солай болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *