“АДАЙДЫҢ ЖЕТІ ҚАЙҚЫСЫ” — 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ-дың бас кезінде Маңғыстау түбегінде өмір сүрген халық өнерпаздары, сал-серілер. Олар: Өскенбай (күй- ші-домбырашы, әнші әрі жыршы), Тұрсын (әнші әрі күйші-домбырашы), Әділ (әнші әрі жыршы), Досат, Жылгелді, Тәстемір және Шолтаман (бәрі де әнші болған). Осы жеті өнерпаз жұбын жазбай бірге жүріп, Маңғыстау, Хиуа мен Хорезм аймағын, Жем мен Жайық бойын аралап, өнер көрсеткен. Ешкімге бас имей, өздерін тәкаппар (қайқайып) ұстағандықтан ел ішінде “адайдың жеті қайқысы” атанып кеткен. Бұлардың ішінде Өскенбай шығармалары көбірек сақталған. Сонымен қатар Әділдің екі-үш әннен тұратын бір циклді “Жайма қоңыр” атты муз. шығармасы, Досаттың “Досат”, Жылгелдінің “Құнан нар”, Тәстемірдің “Маңғыстау”, Тұрсынның “Оймауыт”, Шолтаманның “Дәлейлім” (“Тал кеме”) дейтін әндері халық арасына кең тараған. “А. ж. қ.” әндерін біздің заманымызға Қ. Қонаршиев, И. Жұмабаев, Қ. Қалмағанбетов, Қ. Нұраханов сынды әншілер жеткізген. Кезінде “А. ж. қ-ның” орындауында “Досат”, “Құнан нар” және “Оймауыт” әнін А.В. Затаевич нотаға түсіріп, “Қазақ халқының 1000 әні” (Орынбор, 1925) жинағында жариялаған. “А. ж. қ.” аталған сал-серілерден жеткен әндерді маңғыстаулық әншілер Қ. Домбаев, К. Тасболатов және I. Шыртанов өз нақыш-өрнегімен орындады.