Автоматты басқару

Автоматты басқару — қандай да бір объектіні (машинаны, приборды, жүйені, процесті) берілген алгоритмге сәйкес адамның тікелей қатысуынсыз басқару. А. б. еңбек өнімділігін, басқарудың сапалылығы мен дәлдігін арттыру үшін, қолайсыз жерлердегі немесе денсаулыққа залалды жұмыстарды адамның қатысуынсыз атқару мақсатында қолданылады. Басқару мақсаты басқарылатын объектінің реттелу шамасының уақыт бойынша өзгеруімен тікелей байланысты. Басқару мақсатын жүзеге асыру үшін басқарылатын әр түрлі объектілердің өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, объектіні басқару тетігіне әсер етерліктей әрекет (басқарғыш әрекет) жасалады. Басқарғыш әрекет басқару қондырғылары арқылы жүзеге асырылады. Өзара әрекетке түсетін басқару қондырғылары мен басқарылатын объектілер жиынтығы басқарудың автоматтандырылған жүйесін құрайды. Бұл негізінен өндірістік, т.б. кешендер құрамына кіреді. Уатт бу машинасындағы (1784) центрден тепкіш реттеуіштен тұратын автоматты реттеу жүйесі техникада кеңінен пайдаланылған алғашқы тұйық басқарудың автоматты жүйесі болды. 20 ғ-дың 50-жылдарында өндірістік процестер мен өнеркәсіптік кешендерді электрондық есептеуіш машиналар арқылы басқарудың күрделі жүйелері дүниеге келді. Бұл жүйелер тобына басқарылатын шаманың мәнін тұрақты етіп сақтайтын автоматты реттеу жүйесі, басқарылатын шаманы белгілі бағдарлама бойынша өзгертіп отыратын бағдарламалы басқару жүйесі, басқару бағдарламасы алдын ала берілмеген қадағалауын жүйе енеді. Басқарудың арнаулы автоматты жүйелері техниканың түрлі салаларында (көшірмелеуіш фрезалау станогын басқаруға арналған қадағалауыш жүйе, металл кескіш станоктардағы магниттік лента, перфолента немесе перфокарта арқылы бағдарламамен басқаруға арналған жүйе) кеңінен пайдаланылады. Ол авиацияда, ғарыш және әскери техникада үлкен маңыз атқарады. Басқарудың автоматтандырылған жүйесін құру принциптерін және оларда өтетін процестердің заңдылықтарын зерттейтін тех. кибернетиканың бөлімі -автоматты басқару теориясы. Ол бірнеше бөлімге (сызықтық, сызықтық емес жүйелер, үздіксіз функциясы, дискретті функциялы, релелі, инвариантты, оптимальды, экстремальды, үлкен жүйелер теориясы, жүйелердің сезгіштік теориясы) бөлінеді. Негізгі проблемасы — басқарудың автоматтандырылған жүйесін синтездеу және талдау. А. б. тек математикамен ғана емес, физ. және тех. ғылымдарымен тығыз байланысты. Қазақстанда автоматты басқару теориясынан зерттеулер 20 ғ-дың 60-жылдары басталды (Қазақстан ҒА, қазіргі Қаз- ҰМУ, ҚазҰТУ, Қарағанды политех. ин-ты, т.б.). Республикада автоматты басқару теориясының негізін А.Қ. Беделбаев салды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *