АВТОДРОМ (грек. autos — өзі және dromos — жүгіру, жүгіруге арналған орын) — автомоб. спортымен шұғылдануға, сондай-ақ жүргізушілердің жарысын өткізуге және олардың автомоб. жүргізуді үйренуіне арналған құрылыс кешені. Оның түзу жолдарының бұрылыстар арқылы жалғасып, бірнеше айналымнан тұратын бөлігін трек деп атайды. Тректің ұз. 1-4 км, ені 10 —18 м болады, беті тегіс мықты төсенішпен жабылады. Айналым көлбеу етіп жасалады да, бетіне темір-құйматас, кейде топырақ төселеді. Қазіргі А-дар тректен басқа көптеген бұрылыстары, өрлері мен еңістері бар ұз. 8-15 км жолдан тұратын эллипс тәрізді етіп салынады. Мұндай А-дар жанкүйерлерге арналған трибуналармен, машинаға май құятын және оны жөндейтін, т.б. орындармен камтамасыз етіледі.