АВСТРИЯ,Австрия Республикасы — Орталық Еуропадағы мемлекет. Аум. 83,9 мың км2. Халқы 7,8 млн. (1995). Астанасы — Вена қ. (1,6 млн., 1994). Әкімш,- аумақтық бөлінісі жағынан 9 федералдық жерден тұрады. Халқының 98%-і австриялықтар, дінге сенушілердің 84%-і католиктер. Мемл. тілі — неміс тілі. Заң шығарушы органы-екі палаталы парламент. Мемлекет басшысы — федералдық президент.
Табиғаты. А. — таулы ел. Жерінің көбін Шығыс Альпі таулары алып жатыр. Ең биік жері — Биік Тауэрн жотасындағы Грос-Глокнер шыңы (3997 м). Кен байлықтарынан қоңыр көмір, мұнай мен газ, темір кентасы, магнезит, графит, қорғасын, мырыш, мыс, ас тұзы өндіріледі. Климаты қоңыржай, шығысында континенттік болып келеді. Орташа темп-ра қаңтарда —1-4°С, шілдеде 15°—18°С. Жауын-шашынның жылдық мөлш. тау аңғарларында 500 мм-ден Альпі т-ларында 2000 мм-ге жетеді. Кеме жүзетін үлкен өз. — Дунай. Жерінің 38%-і орман, ол негізінен тау беткейлерін көмкерген.
Тарихы. А. атауы алғашқы рет 996 ж. 1 қарашада жазылған құжатта кездеседі. 1156 жылдан бастап А. — “Қасиетгі Рим империясы” құрамындағы герцогтық 13 ғ-дың соңынан онда Габсбургтер әулеті билік жүргізді, 1453 жылдан — эрц- герцогтық.
18 ғ. Габсбургтер Бельгияны, Италияны, поляк, украин жерлерінің біразын өзіне қаратты. 17-18 ғ-ларда А. монархиясы Түркиямен, Франциямен, Пруссиямен болған соғыстарға қатысты. 1804 жылдан Габсбургтер империясы болып аталды. 1859 ж. Франция мен Италияға қарсы соғыста Ломбардиядан айырылды. 1866 ж. Пруссияға қарсы соғыста жеңіліс тапты. 1867 ж. Австрия-Венгрия монархиясы құрылды. 1-дүн. жүз. соғыста Австрия-Венгрия Германияның басты одақтасы болды. Австрия-Венгрия монархиясы ыдырағаннан кейін 1918 ж. қарашада А. республикасы кұрылды.
1938 ж. наурызда герман әскерлері А-ға басып кіріп, Германияға қосып алды (эншлюс). А-ның фашистер үстемдік еткен 7 жылы оның тарихындағы ең қаралы кезең болды. 1943 ж. Мәскеуде КСРО, Англия, АҚШ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қабылданған декларация бойынша Германияның А-ны қосып алуы заңсыз деп танылды. 1945 ж. наурызда Кеңес әскерлері А. шекарасынан өтіп, 13 сәуірде Венаны азат етті. Бірақ А. бірден тәуелсіз мемлекет бола алмады. Бірнеше жыл бойы ол Франция, АҚШ, Ұлыбритания және КСРО арасында 4 оккупац. аймаққа бөлінген қалпында қала берді.
1955 ж. 15 мамырда Венада КСРО, АҚШ, Англия, Франция, Австрия мемл-терінің өкілдері А-ның тәуелсіздігін қалпына келтіру туралы шартқа қол қойды. А-дан шетел әскерлері шығарылды, сөйтіп ол қайтадан тәуелсіз ел болып, сол жылы қазан айында елдің парламенті А-ның тұрақты бейтараптығы туралы конституциялық заң қабылдады, ал 1955 ж. желтоқсанда БҰҰ-ға мүше болып қабылданды. А- ның сыртқы саясаты 1955 ж. 15 мамырдағы шартта көрсетілген міндеттемелер мен тұрақты бейтараптық мәртебесіне негізделген. 1996 жылдың 1 қаңтарынан Еуропалық Одаққа мүше болып қабылданды. 1992 ж. 19 ақпанда Қазақстан Республикасымен дипломат. қатынастар орнатты.
Экономикасы. А. экономикасы нарықтық қатынастар негізінде дамыған индустриялы- аграрлы мемлекет. Ел экон- сына ГФР компанияларының ықпалы күшті. А. жылына 0,5 млн. т көмір, 1,0 млн. т мұнай, 4,5 млн. т болат және 54,9 млн. кВт сағ электр энергиясын өндіреді (1996 ж.). Дамушы өнеркәсіп салаларынан қара металлургия, алюминий өнер- кәсібі, машина жасау (станоктар, транспорттық машиналар, электротех. бұйымдар), химия өнеркәсібі (азот тыңайтқышы, күкірт қышқылы, жасанды талшық, резина шығару), ағаш өндеу және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі өркендеген.
А.ш-нда мал ш-ның маңызы өте үлкен. Егіншілікпен қатар бау-бақша, жүзім ш-тары дамыған. А-ның ұлттық табысы жылына 202,8 млрд. американ доллары болса, оны жан басына шаққанда 25,2 мың доллардан келеді. Соңғы көрсеткіш бойынша А. Еуропа экон. аймағы бойынша алтыншы орында. Экспортқа жылына 55 млрд. доллардың өнімі шығарылып, 65 млрд. доллардың өнімі сырттан әкелінеді. Ал дүн. жүз. ішкі жиынтық өнімдегі А-ның үлесі 0,5%-тен сәл артық.
Әдебиеті. А. әдебиеті тарихи, геогр. жағдайларға байланысты славян, венгер, роман мәдениеттерімен тығыз қарым- қатынаста дамыды. 16 ғ-дың соңы, 17 ғ-дың басында А. әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктері қалыптаса бастады (А. Блумауэр, Ф. Хафнер, т.б.). 19—20 ғ. шегінде көптеген әдеби-эстет. тұжырымдар мен бағыттар пайда болды. А. әдебиетінің одан әрі дамуына — махшылдық, фрейдшілдік, жаңапозитившілдік сияқты филос. ағымдар, Э. Гуссерльдің феноменологиясы ықпал етті. Австрия әдебиетіндегі декаденттік, кейіннен модерндік әсерлер Г. Бар есімімен байланысты. Р.М. Рильке шығар- машылығы бұл кезеңде неміс тілі және жалпы Еуропа поэзиясындағы ең биік жетістіктердің бірі болды. Дәстүрлі халық театры 20 ғ-дың басында К. Шенхерр драматургиясында жалғасын тапты. Дағдарысқа ұшырай бастаған қоғамдағы рухани мағынасыздық Ф. Кафка шығ-нда терең бейнеленді (“Түзеу колониясында” әңгімесі, “Процесс” романы, т.б.) болды. 2-дүн. жүз. соғыс алдындағы А. әдебиетінің басты тақырыбы — күні өткен мемл. құрылыстың күйреуі (Р. Музиль, Г. Брах, Й. Рот, X. фон Додерер, А.П. Гютерсло, Ф. Набль, А. Пальгар, С. Цвейг, т.б.). Қоғамдық қатынастардың мәніне тереңдей үңілу, көркемдік ізденістерінің ерекше қуаттылығы А. әдебиетін әлемнің алдыңғы қатарлы әдебиеттері деңгейіне көтерді. 1945 жылдан кейін филос., ішінара “герметик.” бағыттағы ақындар П. Целан, И. Бахлкан, сондай-ақ антифашистік романдардың авторы X. Леберт кеңінен танымал болды. Драматургиядағы жарқын тұлға -кең тынысты тарихи-филос. драмалардың авторы Ф. Хохвельдер. 70- жылдары қайта жанданған жаңаавангардшылдық кейін классик. дәстүрді жаңғыртуға ұласты (Т. Бернхард, П. Хандке, Б. Фришмут, т.б.).
Архитектурасы мен бейнелеу өнері. А. архитектурасының алғашқы үлгілеріне 5 ғ-дың орта кезінде ағаштан салынған христиан шіркеулерін жатқызуға болады. 8 ғ-дың ақырында сәулет өнерінде жалпы шығыс Еуропаға ортақ готика үлгісі кең таралды. Онын көрнекті үлгісі Венадағы Стефан әулие соборы (14-15 ғ.). Қайта өркендеу дәуірінде (15-16 ғ.) А-да архит. еркіндікке, қарапайымдылыққа, сәулет композициясы шешімінің табиғатпен үйлесіміне мән берілді (Шаллабург қамал-сарайы). А. архит-сының барокко дәуірі халықар. маңызға ие ерекше туынндыларды дүниеге әкелді (17—18 ғ.) Венадағы Карл Барромей шіркеуі, Савой ханзадасының сарайы (арх. И. Фишер фон Эрлах) мен Бельведер жазғы сарайының ансамблі (арх. Л. Хильдебрандт) сол кезеңнің ескерткіштері. Сәулет мүсіндері (Г. Доннер, Ф. Мессершмидт) мен кескіндеу өнері (Ф.Маульберс, Д.Гран) де сол стильде өрістеді. 19 ғ. 1-жартысында сәулет өнерінде классицизм, кескіндемеде лирикалы романтизм көрініс берді. Сонан кейін “Вена модерні” атты әшекейге бейім бағыт пайда болды. 20 ғ-дың басында архит. қайтадан айқын да қарапайым шешімге бұрылды (арх. А. Лоз). Бейнелеу өнері мен графикада субъективизм мен фантастика (Э. Шиле, А. Кубин) еркін дамыды. Оның соңы экспрессионизмге (О. Кокошка, X. Бекль) ұласты. Ал 20 ғ-дың 20-30-жылдарында А. архит-сында атақты “неміс үнемшілдігі мен жайлылығы” бағытындағы (арх. Ф. Шустер, Й. Франк) ізденістер басталды. 2-дүн. жүз. соғысқа дейін бұл бағытта біраз жұмыстар жүзеге асты. 1945 ж-дан кейін осы заманғы батыл (Венадағы қалалық Штадтхалле залы, 1955 — 58 ж., арх. Р. Райнер) жаңалықтар бой көрсетті. Бейнелеу өнерінд бұл кезең абстракционизм, сюрреализм, гуманистік реализм дәстүрлерімен ерекшеленді.
Музыкасы. А. “музыка елі” деген атпен белгілі. Оның музыка өнерінің қалыптасуына елдің геогр. орны және оны мекендейтін халықтардың (венгер, словак, серб, чех, украин, румын, хорват, т.б.) мәдениеті мен салт-дәстүрі тікелей әсер етті. Еуропаның дәл ортасында тұрған А. музыкасы Германия мен Италияның кәсіби өнерімен тығыз байланыста дамыды. Орта т-дың басында мұнда лирик. он өнері кеңінен дами бастады. 8—13 ғ-да муз. өнерінің дамуына шіркеулердің мектепте ән сабағын жүргізуі, көпшіліктің муз. мен биді қатыстыра отырып, діни көріністер ұйымдастыруы маңызды ықпал етті. 12-13 ғ-да муз. мәдениеті, негізінен, сарай өнері түрінде дамыды. Ал 14 ғ-дың соңында көп дауысты хор дүниеге келді. 15 ғ-да сарай капеллалары пайда болды (Вена, Инсбрук, Грац қ.), кәсіби капельмейстерлер (Ю. Слатконья, Г. Финн), органшылар (П. Хофхаймер, X. Грауэндорфер, К. Кралль, т.б.) жұмыс істеді.
Вена ун-тінің ұйымдастырылуы (1365) А-да муз-ның дамуын жаңа сатыға көтерді. Студенттер мен әулие Стефан шіркеуінің әнші-оқушылары мерекелік жиындарда бірігіп хор орындауды дәстүрге айналдырды. 16 ғ-дың ортасында хордың, би муз-сының сүйемелдеуімен көпшілікке арналған студенттік спектакльдер қойыла бастады. Осындай театрлар кейін А- ның барлық ірі қалаларында құрылды. Әсіресе, көне дәстүрі бар Зальцбург театрларының атағы кең тарады (осы театрға арнап В.А. Моцарт 11 жасында “Аполлон мен Гиацинт» атты латын комедиясына муз. жазған). 17—18 ғ-да Италияның опера, оратория және шіркеу муз-сының шеберлері (А. Чести, Н. Порпора Л. Сальери, т.б.) Венада жұмыс істеді. Бұл Венаның ірі опера өнері орталығына айналуына әсер етті. 18 ғ-дың ортасынан бастап аспаптық муз. дамыды. Й. Гайдн, В. Моцарт, Л. Бетховен бастаған Венаның классикалық муз. мектебі пайда болды. Бұлардың ыңғайындағы К.Глюк опера өнерінде реформа жасап муз-ны сахналық драматургия зандарына бағындырып, вокалдық шығармада сөз бен әуеннің біртұтастығын енгізді. Осыларға 19 ғ. бірінші жартысында Ф. Шуберт жеңіл әуенді тұрмыс-салт муз-сына негізделген романтизмді қосты. 19 ғ-да А. вальстің отаны атанды. Оның негізін салушылар Й. Ланнер және Штраустар әулеті болды. 19 ғ-дың басында Г.Малер А- да симфониялық муз-ны өзінің тарихи биігіне көтерді. 20 ғ-дың ортасында романтикалық реализм бағытындағы муз. мектебі қалыптаса бастады. А. Кауфман, Ф.Вильдганс, кейін М.Рубин, аға буыннан А. Уль осы мектепті ұстанды. А. муз-сының дамуы мен танылуына И.Й. Фукс, И.Й. Альбрехтсбергер, Р.Валлашек, Р. Лахман, О.Э. Дейч, В. Фишер, Э. Шенк сияқты музыка танушылар, Г. Малер, Ф. Шальк, К. Краус, Э.Клейбер, Г. фон Караян, Ф.Штидри сияқты дирижерлер, 3. Тальберг, Э. Зауэр, Ф.Гульда сияқты пианистер, Ф.Крейслер, И. Майзедер, В.Шнейдерхан сияқты скрипкашылар, И. Фогль, А. Дермота, К. Унгер, А. Мильдер-Хауптман, М. Брандт, И. Зефрид сияқты әншілер көп еңбек сіңірді. Вена қ-нда мемл. опера, «Фолк- сопер» театры, камералық театр, Музыка мен сахна өнерінің академиясы, консерватория, «Музыка достарының қоғамы» бар. Халықаралық жаңа музыка қоғамының австриялық бөлімі, жастардың халықаралық музыка федерациясы, Венаның ер балалар хоры, Вена-Моцарт қоғамы, Штририйск музыка қоғамы (Грац қ-нда) тұрақты жұмыс істейді. Австрия композиторлар одағы, Зальцбургте моцарттанудың ірі орталығы – Халықаралық Моцартеум қоғамы (1841) бар. Вена, Зальцбург, Грац қ-ларында муз.мен драма өнері академиялары құрылған. Вена, Зальцбург, Брегенц қ-нда тұрақты муз. фес- тивальдар өтіп тұрады.
Театры. А-да 14-15 ғ-дан қала алаңдары мен жәрмеңкелерде көрсетілген миракль, мистерия түріндегі ойын-сауық, ал 16 ғ-да кезбе-актерлер тобы, 16-17 ғ-да иезуиттер театры пайда болды. 18 ғ-дың басында А. театр өнерінің дамуына әсер еткен актер әрі драматург Й. Страницкий Венада тұңғыш тұрақты театр (1712) ұйымдастырды. 1741 ж. Венада “Бургтеатр” аталған Корольдік театр ашылды. “Бургтеатрдың” қалыптасуына режиссер әрі журналист Й. Шрейфогельдің басшылығымен жұмыс жасаған С. Шредер, М. Корн, Г. Аншюц сияқты актерлер көп еңбек сіңірді. 18 ғ-дың соңында Вена маңайында ашылған театрларда (“Леопольдштадттеатр”, 1781; “Виденертеатр”, 1787; “Йозефштадттеатр”, 1788) В. Моцарттың, Й. Гайднның опералары қойылды. 19 ғ-дың басында осындай ұсақ театрлар өзінің шарықтау биігіне көтерілді. Оған драматург-актерлер Ф.Раймунд пен И. Нестройдің ұлттық комедия жанрындағы шығармалары мен демокр. бағыттағы еңбектері себеп болды. 20 ғ-дың ортасында А. театры ұлттық өнерді дамыту жолындағы жұмысын жаңаша жандандыруға кірісті. Зальцбургте Халықаралық театр фестивалі өткізіліп тұрады. Венадағы Бейнелеу өнері мен музыка академиясы жанында Вена театртану ин-ты мен М. Рейнхардт семинары ғылыми орталығы бар.
Киносы. Венада тұракты кинотеатр 1903 ж. ашылды, бірақ 1906 жылға дейін шетел фильмдері көрсетілді. 1912 ж. реж-лер А. Кольм мен Я. Флекс “Винер кунстфильм” кинофирмасын ұйымдастырды. Ол А. және неміс жазушыларының шығармаларын экрандаумен айналысты. 2-дүн. жүз соғыстан кейін ғана А. киносы өзінше жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Көбінесе, муз. комедиялар, оперетталар, ғылым мен өнер кайраткерлері жайлы фильмдер шығарылды (“Қаһармандық симфониясы”, “Франц Шуберт”, “Венаның сүйіктісі”, “Фиделио”, “Қолыңды бер, сүйіктім”, “Дунай балалары”, “Алтын симфония”, т.б.).
А