АВСТРАЛОПИТЕКТЕР

АВСТРАЛОПИТЕКТЕР (лат. «аustalis” — оңтүстік, грек. «ріtekos» — маймыл) — адамның арғы тегі. А-дің қаңқалары алғаш 1924 ж. Оңт. Африкадағы Калахари шөлінде, Таунгс маңынан табылған. Кейін Шығыс және Орт. Африканың басқа да жерлерінен бас сүйек қалдықтары табылды. А-терді ағылшын ғалымдары Р. Дарт (1924 ж.), М. Лики, Л. Лики (1959 — 62 ж.), американ антропологтары Д. Джохансон, М. Иди (1973-76 ж.) зерттеген. А-дың бойлары аласа, бас сүйегі мен миы шағындау (500- 600 см3), жақ сүйектері үлкен, көздерінің айналасы шұңқыр, маңдайы кең, саусақтары ұстауға икемді болған. Адам тәрізді маймылдарға қарағанда А-тердің аяқтары қолдарынан ұзын, тік жүруге бейімделген. Ашық алқаптарды мекендеген, негізінде өсімдіктермен қоректенген. Өздеріне қажетті қарапайым еңбек құралдарын жасауға қабілеттері жеткен. Таяқтарды, жануарлар сүйектерін ұштап, өткірлеп, қару ретінде қолданған. А-тер: Олдувайлық бойстық (зинджантроп), африкалық (Оңт. Африка), Шамбал (парантроп), “адам тектес” (Ноmo habilis) деген түрлерге бөлінеді. Бұлар “тік жүретін адамдардың” (Homo erectus) арғы тегі болуы мүмкін.

Қазақстанда А-тердің қоныс-мекендері, құралдары, сүйек қалдықтары Қаратау, Жетісу, Сарыарқа, Балқаш, Маңғыстау, Мұғалжар өңірлерінен табылды. А-тер қоныстарын 1958 — 59 ж. X. Алпысбаев, 1993 ж. Ж. Таймағамбетов зерттеді. Жиналған материалдар А-дің бұдан 2,5-4 млн. жыл бұрын өмір сүргенін көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *