АВСТРАЛИЯЛЫҚТАР — 1) Австралияның байырғы халқы. Жалпы саны 170 мың адам (1992). Отарлауға дейін Австралияның оңт.-шығ-нда — камилорай, курнай, нарриньери, шығысында — вакка, каби, орталығында — арабана, аранда, варрамунга, диери, солт.-бат-нда — кариере, нволь-нволь этник. қауымдары тұрған. Үлкен австралоид нәсіліне жатады, бойлары орта, ортадан жоғары, қара қоңыр түсті, бас сүйегі — долихокефал, шаштары бұйра, қою қара, иектері шығыңқы, қалың ерінді келеді. Ғалымдардың есептеуінше А. 26 топқа бөлінетін 500 (кейбір зерттеулерде 200) диалектіде, біразы ағылшын тілінің инглиш тармағында сөйлейді. Діні — христиан (протестант пен католиктер). А-дың арғы тегі оңт.-шығыс Азиядан 40 мың жыл бұрын келгендер деп есептеледі. Бүкіл Австралия құрлығына тарап аңшылық, балық аулау, т.б. кәсіптерді меңгерген. Үшкір ағаш таяқтар, найза, тас балта сияқты кұралдарды пайдаланған. Рухани мәдениеті біршама жоғары дамыған. Құрамы 500- 600 адамнан тұратын 400-ден 700-ге дейін руға бөлініп, әр рудың өз қонысы болған. Туысқандық жүйесі — ирокездік. Әлеум. жағынан ерлер жоғары саналып, көп әйелге үйленген. Дәстүрлі наным-сенімдері магиялық ғұрып — тотемизм, абыздықпен бақсылық. Фольклорында эзотериялық, тотемдік мифтердің ықпалы мол. Дәстүрлі халық суретшілігі — денеге түрлі өрнек салып бояу, еңбек құралдарына, тасқа, жерге, ағашқа сурет салу, т.б. өріс алған. Еуропа отарлауына дейін 300 мың адам болған А-дан 1921 ж. 60 мыңы ғана қалған. 2-дүн. жүз. соғыстан соң мед-. көмектің және тұрмыстың жоғарылауына байланысты саны біраз өсті. Резервациядағы дәстүрлі кәсіптен безіп, қалалар мен кенттерге келе бастады. 1967 ж. А- дың құқықтары сөз жүзінде ағылшын-австралиялықтар құқықтарымен теңестірілді. 60 ж. аяғында этник. сана-сезімдері өсіп, дәстүрлі мәдениетті сақтау, ата-баба жеріне заңды иелік ету жолындағы, т.б. қозғалыс кең тарады. Көптеген А-тар дәстүрлі шаруашылықпен айналысуда. Өз зиялылары шыға бастады. 2) Австралияның қазіргі тұрып жатқан халқы. Саны — 13 млн. адам. Көпшілігі Англиядан, Шотландиядан және Ирландиядан қоныс аударғандардың ұрпақтары. Қоныс аударушылардың ішінде сан жағынан басымы — ирландиялықтар. Діні — христиан. Ағылшын тілінің австралиялық диалектісінде, неміс тілінің батыс говорында сөйлейді, жазуы — латын әліпбиі.