АВИАЦИЯ

АВИАЦИЯ (франц. аviation, лат. аvis — құс) — Жер маңайындағы әуе кеңістігінде ауадан ауыр аппараттармен (мыс., ұшақ, тікұшақ, т.б.) ұшуды білдіретін ұғым. Осы аппараттардың ұшуын қамтамасыз ететін қызметтер жүйесі де А. құрамына енеді. А. азаматтық А. және әскери А. болып екіге бөлінеді: Азаматтық А- ға көліктік, санитарлық, оқу-спорттық, арнайы мақсатқа арналған (а. ш., аэрофото-түсірім, байланыс, геол. барлау, балық аулау кәсібін барлау, т.б.), әскери А-ға әскери әуе күштері, теңіздік, армиялық, әуе шабуылынан қорғануға арналған ұшу аппараттары жатады. Адамның аспанға ұшу жөніндегі арманы ерте заманнан басталған. Тасқа салынған қанатты адамдардың суреттері соның дәлелі болып табылады. Дүние жүзіндегі көптеген халықтардың ертегілері мен аңыздарында аспанға ұшу жөніндегі адам арманы айтылады. “Ұшар ханның баласы” атты қазақ ертегісіндегі аспанға ұшу өнері, кілеммен ұшу соның айғағы. Италияның ұлы кескіндемешісі Леонардо да Винчи (1452 — 1519) еңбектерінде ұшу аппараттарының жобалық эскиздері кездеседі. 1754 ж. орыс ғалымы М.В. Ломоносов (1711 — 65) серіппе күшімен қозғалысқа келетін тікұшақ моделін жасап, ондай аппараттың ұша алатынын іс жүзінде дәлелдеді. 19 ғ-дың аяғында моторсыз ұшатын аппараттар — қалқыма ұшақтар жасала бастады. 1891 — 96 ж. неміс ғалымы О. Лилиенталь бірқатар қалқыма ұшақ жасап, бірнешеуімен ұшып та көрді. 19 ғ-дағы бу машинасын жасаудың қарқынды дамуы бу қозғалтқышы бар ұшақ жасау ісіне алып келді. Ресейде теңіз офицері А.Ф. Можайский (1825 — 1890) өзі әуеде ұшатын оқ деп атаған осындай ұшатын аппаратқа патент алды. Қалқыма ұшақ 1885 ж. жасалды, бірақ ұшу кезінде апатқа ұшырады. 1894 ж. Англияда конструктор X. Максим бу машиналы алапат ұшақ жасады, ол да ұшар мезетте жерге құлап түсіп қирады. Француз өнертапқышы К. Адер жарқанаттың қанатын көзге елестететін “Авьон” аппаратымен бірнеше ондаған метр қашықтықты ұшып өтіп барып (1897) кұлады. Бұл сәтсіздіктердің бәрі де, негізінен, бу қозғалтқыштарының аса ауырлығы мен ұшу талабына сай келмейтінінен болып жатты. 19 ғ-дың аяғында автомобильдерде кеңінен қолданылған іштен жанатын қозғалтқыштардың жетілдірілуі жеңіл әрі қуатты А-лық қозғалтқышты жасауға жол ашты. Оны ұшаққа алғаш болып америкалық ағайынды механиктер У. және О. Райт пайдаланды. 1903 ж. 17 желтоқсанда олардың керосинмен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар ұшағы сәтті ұшты. Ағайынды Райттар жасаған ұшақтарын жетілдіре түсіп, 1908 ж. сенімді басқарылатын және 1,5 сағ-қа дейін ұша алатын күйге жеткізді. 20 ғ-дың басында Еуропада, негізінен, Францияда, А. Сан-тос-Дюмон, Ф. Фербер және басқалар бірінен соң бірі ұшақ жасауға кірісті. 1909 ж. 25 шілдеде француз конструктор-, ұшқышы Л. Блерио өзінің монопландық сұлбада жасаған “Блерио-11” ұшағымен Франциядан Англияға Ла-Манш бұғазы үстімен ұшып өтті. 1909- 14 ж. Я.М. Гаккель, Д.П. Григорович, В.А. Слесаров, И.И. Стеглау жасаған ұшақтар шықты. 1910 ж. Б.Н. Юрьев Ресейдегі алғашқы тікұшақтың жобасын жасады. Дегенмен, бұл кезеңдегі ұшақтардың сапасы аса жақсы болған жоқ. Соның салдарынан көптеген ұшақтар апатқа ұшырап отырды. Ілгері дамыған көптеген елдердің ғалымдары А. саласында теориялық және тәжірибелік ізденістерге кірісті. АҚШ-та — СЛенгли мен О. Шанют, Англияда—Дж. Кейли, Францияда — А. Эйфель, Германияда — Л. Прандтль, Ресейде — Н.Е. Жуковский мен С.А. Чаплыгин А-ның дамуына үлкен үлес қосты. 1914 ж. басталған 1-дүн. жүз. соғыс А ның шұғыл өркендеуіне себепкер болды. Ол кезеңдегі белгілі ұшақтардың қатарына Ресейдің “Илья Муромец”, Францияның “Фарман”, “Ву- азен” және “Ньюпор”, ағылшынның “Сопвич”, немістің “Фоккер” ұшактарын жатқызуға болады. Олар сағ 90 — 120 км жылдамдықпен ұшты. Кейінірек ұшақтардың ұшу жылдамдыктары сағ 200 — 220 км, биіктеуі 7 км-ге жетті. 20 ғ-дың 20 — 30 ж. Англияда, Францияда, АҚШ-та, Германияда, Ресейде және басқа елдерде әскери және азаматтық ұшақтардың бірнеше жүздеген типтері жасалып, олардың көпшілігі көп сериямен шығарылды. Англияда жасалынған “Супермарин S.6В” ұшағы айрықша болды. Онымен 1927 ж. американ ұшқышы Ч. Линдберг алғаш рет АҚШ-тан Еуропаға Атлант мұхиты үстімен ұшып өтті. Он жылдан кейін 1937 ж. орыс ұшқыштары В.П. Чкалов, Г.Ф. Байдуков және штурман А.В. Беляков АНТ-25 ұшағымен Мәскеу — Солтүстік полюс — Ванкувер (АҚШ) маршруты бойынша 8504 км аралықты қонбай ұшып өтті. Бұл ерлікті кейін өзге ұшқыштар да қайталады. 30-жылдардың 2-жартысында КСРО-да, Англияда, Германияда, Италияда, АҚШ- та, Францияда реактивті козғалтқыштардың шығуымен А. техникасы сапа жағынан жаңа сатыға көтерілді. Реактивті қозғалтқыштары бар алғашқы шетелдік ұшақтардан: Италияның КК-1 және КК-2 (1940 — 41), Англияның “Глостер” , АҚШ “Эркомет” ұшақтарын атауға болады. 50-жылдардың басында алғаш рет Кеңес Одағында дыбыстан жылдам ұшатын (сағ-на 1450 км) бір орындық МиГ-19 жойғыш ұшағы, 60-жылдардың екінші жартысын да американың Ғ-4 “Фантом” жойғыш-бомбалаушысы, сондай-ақ көп мақсатқа қолданылатын, бірден тік көтеріле ұшып, тік қона алатын, ұшқан кезде қанатының геом. параметрлерін қажетке қарай өзгертуге болатын Ғ-111 ерекше ұшақтары жасалды. 60-жылдардың аяғында бірқатар елдерде дыбыстан жылдам ұшатын (ұшу жылд. сағ 2.500 — 3.000 км, ұшу қашыктығы 6 — 8 мың км) жолаушы таситын ұшақтар (Англия мен Францияда “Конкорд”, АҚШ-та “Боинг-2707”, КСРО-да ТУ- 144) жасалды. 90-жылдардың басында әскери ұшактардың ұшу жылд. сағ 3.000 — 3.500 км, биікт. 30 000 м, ұшу қашықтығы 15 000 км-ден асты, тіпті әуеде жанармай құйып алатын дәрежеге жетті. Бірқатар елдерде орбиталык және әуе-ғарыштық ұшақтар жасау жұмыстары жүргізілді және әжептеуір табыстарға қол жетті. А. мен ракеталық техникалардың дамуы ғарыштық кемелердің және қуатты көпсатылы тасығыш ракеталарды шығаруға негіз қалады. Қазақстандағы А-ның дамуы 1926 жылдан басталады. Осы жылы Қызылорда аэропортының құмдауыт алаңынан алғаш рет аспанға ПО-2 ұшағы көтерілді. 1929 ж. Қызылорда — Мәскеу әуе жолы орнықты. Алматы — Мәскеу тұрақты әуе қатынасы 1940 ж. ПС-84 ұшағы арқылы жалғасты. 1970 ж. әуе жолының ұз. 75 мың км-ге жуықтады. Әуе жолы ол кезде Қазақстан астанасы — Алматыны одақтас республикалар астаналары және ірі өнеркәсіпті қалалармен байланыстырды. 1977 жылдан дыбыстан жылдам ұшатын ТУ-144 жолаушы алып ұшағы 1-рет КСРО-да Алматы мен Мәскеуді жалғастырды. Республикамыздың аудан, облыс орталықтары мен әуе жолы байланысы орнады. Республика әуе жолдарының ұз. 1975 ж. 80,0 мың км болды. Бұл сол кездегі жалпы одақтың әуе жолдары ұзындығының 11%-і еді. Онан кейінгі жылдары ұшақ паркі сапа жағынан жаңартылып, сан жағынан өсе түсті. Республиканың әуе жолдарында Ан-24, Ил-76, Ил-62, Ту-134, Ту-154, Як-40, Як-42 ұшқыр ұшақтары жолаушыларға қызмет етіп келеді. Соңғы кездегі жаңа техникалардың қолданылуына байланысты аэропорттар жүйесі едәуір ұлғайды. Қазақстанның магистральдық және жергілікті әуе жолдарында аэропорт пен аэровокзал саны көбейді. Ұшақтарды қондыру және қозғалысын басқарудың радио-радиолокациялық және жарыққа негізделген тех. құралдарын қайта құру және жаңарту жөнінде көп жұмыстар жасалды. Агенттіктер мен аэрофлот кассаларының жүйесі ұлғайды, көпшілікке қызмет көрсетудің автоматтандырылған жүйесі “Сирена” ойдағыдай қызмет атқарады. Ил-76, Ил-86, ТУ-134, ТУ-154, “Боинг-737” және “Боинг-747” ұшақтары 90-жылдардан бастап Қазақстан Республикасы қ-ларын Будапешт, Пекин, Сеул, Стамбұл, Тегеран, Тель-Авив, Мәскеу, т.б. көптеген қалалармен байланыстырды. Астанадан тәулігіне 15, Алматыдан 200-ден аса әуе кемелері ұшады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *