АВИАЦИЯЛЫҚ ПРИБОРЛАР — ұшақтың бақылау, өлшеу және басқару қызметін атқаратын құрал-жабдықтары. А. п. ұшқыш кабинасындағы прибор тақтасына, ұшқыштың, штурманның, бортмеханиктің, басқа да экипаж мүшелерінің алдына ыңғайлы етіп орналастырылады. Атқаратын жұмысына қарай моторлық, пилотаждық-навигациялық және көмекші А. п. болып бөлінеді. Моторлық А. п. тобына поршеньді қозғалтқыштың иінді білігі немесе реактивті қозғалтқыштың газ турбинасы роторының айналу жылдамдығын көрсететін тахометрлер, қозғалтқыштың темп-ралық режимін анықтайтын термометрлер және оның пневматикалық жүйесіндегі ауа қысымын көрсететін манометрлер мен вакумметрлер, қозғалтқышқа баратын ауа мен жанармай қоспасының сапасын білдіретін альфаметрлер, сондай-ақ жағар және жанармай өлшеуіш аспаптар енеді. Пилотаждық-навигациялық А.п-ға авиакомпас, гироскоптық жартылай компас, ауа жылдамдығын көрсеткіш, биіктік өлшеуіш, вариометр, авиагоризонт, ал к ө м е к ш і А. п-ға автопилот, автоштурман сияқты дербес жұмыс атқаратын тетіктер жатады.