АЗАБ әл-КӘБИР («азаб әл-барзах» сөзінің синонимі, мағынасы «көрдегі азап») – сынау, жазалау, өлгеннен соң берілетін алғашқы сот үкімі алдындағы тергеу. «А. әл-К.»түсінігі бойынша өлген адам үшін көр не жәннат, не дозақ орнының алғашқы белгісі іспетті болады. Онда осылардың біріне лайықты жаза беріледі. Адамадар мәйітті көміп, ол арадан 40 қадам ұзап кеткен соң, қабірге Мункир мен Нәкир атты екі періште (қазақта Мүңкір-Нәңкір делінеді) келіп, о дүниелік болған адам тіршілікте істеген іс-әрекеті, дінге қатыстылығы жайлы жауап алады. Егер мәйіт тірі күнінде иманды, жақсы адам болса, онда рахат көріністе қияметке дейін қалдырылады, ал күнәсі көп, жаман адам болса, онда ол ақыр заман келіп жеткенше азаптала береді. Құранда А.әл-К. жайында тікелей айтылмағанмен, бірнеше аяттарда: «біз оларды (имансыз, жаман адамдарды) екі рет жазалаймыз», «бәз оларға таяуда және ақыретте берілетін жазалар дәмін таттырамыз» делінген. «А.әл-К.» туралы түсінікке мутализиттер қарсы шығып (8-9 ғ,), оны мұсылмандық тұжырымға жатқызбауға тырысып бақты. Бірақ олар жеңіліске ұшырап, сунашылдық жолдағылар қабір азабының шындығын, Мункир мен Нәкир періштелері барлығын бұлжымас қағидаға айналдырды. Мұсылман түркілер, оның ішінде қазақтар да кейін ақырет күні әркімнің істеген іс-әрекеттеріне баға беріліп, лайықты жазаларын алатынына сенеді.