АГРОФИТОЦЕНОЗ (грек.agros- егістік, рһyton — өсімдік және koinos — жалпы) — адамның іс-әрекеті мен күтіп-баптау шаралары нәтижесінде құрамы, өсу ортасы, өнімділігі, т.б. табиғи қалпынан өзгерген өсімдіктер тобы. Табиғатта алғашқы түрінде сақталып қалған фитоценоздармен қатар адамның араласуы нәтижесінде әр түрлі А. қалыптасады. Олар: 1) жақсартылған, 2) мәдени түрге енгізіле бастаған (шала мәдени), 3) мәдени түрге енгізілген, 4) интенсивті болып 4 түрге жіктеледі. А-дың 1-түріне күтіп- баптау шараларын жүргізу нәтижесінде табиғи жағдайы өзгеріп, өнімі артқан шалғындар мен жайылымдар, 2-түріне адамның бір мезгіл араласуы нәтижесінде өзгерген табиғи фитоценоздар (мыс., үстеме тұқым себу арқылы қалыңдаған шалғындық жайылымдар), 3-түріне қолдан егіліп және жақсы өсіп-жетілуін үнемі бақылап, әр түрлі агротех. шаралар қолдану арқылы құрамы мен өсу ортасы мүлдем өзгерген өсімдіктер тобы (егістер, бақтар, т.б.), 4-түріне көкөніс жылы жайларында, гидропоникада өсетін өсімдіктер жатады. Адам көмегімен топырақ, ылғал, ауа режимдері толық реттелгендіктен А-дың соңғы түрінен өнім мол алынады.