АВТОЭЛЕКТРОНДЫҚ ЭМИССИЯ

АВТОЭЛЕКТРОНДЫҚ ЭМИССИЯ, туннельдік эмиссия, суық эмиссия, электр статикалық эмиссия, өрістік эмиссия — электрондардың кернеулігі жоғары (Е ~ 107В/см) сыртқы электр өрісі (Е) әсерінен қатты және сұйық өткізгіштерден ұшып шығуы. Оны 1897 ж.Р.У. Вуд (АҚШ) ашқан. 1928 — 29 ж. ағыл. физигі Р. Фаулер және неміс физигі Л. Нордгейм А. э-ны туннельдік эффект құбылысы негізінде теор. тұрғыдан түсіндіріп берді. Ал 1929 ж. амер. физигі Р.Э. Милликен мен Ч.К. Лоритсен А. э. тогы тығыздығының логарифмі электр өрісі кернеулігінің кері шамасымен төмендегідей сызықтық тәуелділікте болатындығын тапты:lgj=А-В/Е, мұндағы А және В — константалар. Металдағы еркін электрондарды тереңд. U0-ге тең (потенциалдық энергияның ең кіші мәні) потенциалдық. шұңқырда орналасқан деп есептеуге болады. Электрондардың металдан ұшып шығуы үшін, оларға сырттан қосымша энергия беру не потенциалдық шұңқырдың тереңдігін азайту керек. Металл бетіне кернеулігі Е-ге тең электр өрісі түсірілген кезде, металл сыртындағы энергия (U0): U=-еЕх шамаға кемиді, мұндағы х — ұшып шыққан электронның металл бетінен қашықтығы, е — электрон заряды. Осының салдарынан потенциалдық шұңқыр U(х) = U0- еЕх заңдылығымен өзгеретін потенциалдық тосқауылға айналады. А. э. құбылысы электрондардың (микробөлшектердің) толқындық қасиеті болатындығымен түсіндіріледі. Толқындардың (мыс., жарықтың) бір ортадан екінші ортаға өте алатыны сияқты электрондар да өткізгіш және өткізбейтін орта шекарасындағы потенциалдық тосқауылдан туннель арқылы өтіп, металл бетінен ұшып шыға алады. Шетел әдебиеттерінде көбіне “өрістік эмиссия” термині қолданылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *