АВАР ҚАҒАНДЫҒЫ — Орталық Азияда (4 ғ-дың соңы) және Шығыс Еуропада (6 ғ.) өмір сүрген түркі тілдес тайпалар мемлекеті. Мемл-ті қаған басқарды. 5 ғ-да қағандық екі бірлестікке бөлінді. Батыс кағаңдықтың билеушісі Шэлунның ордасы Монғолиядағы Халха өз-нің бойында орналасты. Әскери-әкімш. реформалар, сәтті жорықтар арқылы ол мемл. жерін едәуір ұлғайтты. А. қ. Орталық Азия мемл-тері қатарынан берік орын алып, аймақта көшпелі мемл-тер жүйесінің қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Мемл. 552 ж. бұрын аварларға бағынышты болған көне түркілердің күшімен құлатылды. Авар тайпаларының бір бөлігі Корея мен Солт. Қытайға, бір бөлігі батысқа ығысты. Батысқа ауған авар тайпалары қазіргі Қазақстан, Еділ бойы, Солт. Кавказды мекендеген ғұн тайпаларымен қосылып, Византия шекарасына қарай жылжыды. 558 ж. олардың Кандих бастаған алғашқы елшілігі Византияға келіп, әскери одақтас болуды ұсынды және қоныстануға жер сұрады. Византия аварларды кутригурлар мен шығыс славяндарға қарсы соғысқа пайдаланды. 567 ж. аварлар лангобардтармен бірлесіп, герман тайпаларын талқандады және Дунай жазығындағы, Паннониядағы жерлерді иемденді. Онда 6 ғ-дың 60-жылдарында А. қ. — Орталық Азия көшпелілерінің мемл. бірлестігі құрылды. Оны көрнекті қолбасшы Баян хан басқарды. Қағандықтың орталығы Паннония болды. Осы жерден аварлар франктарға, лангобардтарға, славяндарға, Византияға жорықтар жасады. Олар Эльбадан Кавказға, Доннан Адриатикаға дейінгі жерлерге саяси ықпал жүргізіп отырды. Бірлестік әскери-әкімш. жүйеге, рулар мен тайпалар иерархиясына негізделді. Мемл-ті билеуші ру өкілдері мұрагерлік жолмен басқарды. 6 ғ-дың 70- жьылдарынан бастап аварлар Византияға дендеп кіріп, оған бірнеше рет соққы берді және салық төлеп тұруға мәжбүр етті. Қаған әскерлері Дунайдың төменгі ағысын бойлап, Византияға қарасты жерлерге жорықтар жасап, Константинопольге дейін жетті. 592, 598 ж. және одан соңғы жылдары аварлар Балқанға дендеп енді. Алайда 626 ж. аварлардың негізгі күші Константинополь түбінде талқандалды. Бұл Баян әулетінің биліктен кетуіне байланысты туған ішкі қайшылықтардан А. қ-ның әлсіреген тұсы еді. 7 ғ-дың ортасында аварлар Солт. Қара теңіз маңынан ығыстырылды, олардың негізгі терр-дағы, Паннониядағы билігі 680 ж. Дунайда Бұлғар қағандығының құрылуына байланысты (қ. Аспарух) шектеле бастады. 8 ғ-дың 90-жылдарында А. қ. Ұлы Карл бастаған франктардан ойсырай жеңіліп, 796 ж. олардың басты бекіністері талқандалды. Франктер аварларды түбегейлі бағындырып алды. Осыдан кейін аварлар біртіндеп Батыс Қара теңіз маңы мен Дунай бойы халықтарының құрамына сіңіп кетгі. Аварлардың төл жазуы, дамыған мәдениеті мен өнері болған. Олар кілем, кестелі мата шығарған, күміс, сүйек, ағаш және темірден зергерлік бұйымдар жасаған. Ауыз әдебиеті жоғары дамыған.