АБЫЛАНОВ Сыдық (1894, Жамбыл обл. Байзақ ауд. Кеңес а. — 1938, Шымкент) — қоғам қайраткері, журналист, драматург. Еңбек жолын өз ауылында медресе ашып, бала оқытудан бастаған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан. Т. Рысқұлов ұйымдастырған Қырғыз (қазақ) жастарының рев. одағының белсенді мүшесі болды. Қазан төңкерісін (1917) қолдап, Әулиеата уезінің алғашқы оқу халық комиссары болды. 1923 — 24 ж. Әулиеатада өзі ашқан алғашқы оқу коммунасын басқарды. 1924 — 38 ж. Ташкентте, Қарақалпақстанда, Ақтөбе мен Петропавловскіде, Қызылордада партия және оқу- ағарту саласында басшы қызметтер атқарды. 1933 — 38 ж. респ. радио к-ті төрағасының орынбасары болды. А. жаңа мектептер ашып, жаппай сауат ашуды жолға қойды. “Еңбекші қазақ” және басқа да газеттерге оқу-тәрбие, тарихи- этногр. мәселелері жөнінде мақалалар жазды. Қазақ театрының қалыптасуына да көп еңбек сіңірді. Оның “1916 жыл”, “Екіталай”, т.б. пьесалары бойынша қойылған спектакльдері (реж. Ж. Шанин) Қызылордада ашылған қазақ драма театрының репертуарын жаңа шығармалармен байытты. А. “халық жауы” деген жаламен ұсталып, атылды (1938). КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасының 1958 жылғы 29 маусымдағы шешімімен ақталған.