АБЫЛАЙ, Әбілмансұр (1711 [Ресей деректерінде 1713] — 23.5.1781, Оңт. Қазақстан, Арыс жағасы) — ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі — Жошы хан, бергі бабалары Қазақ ордасының негізін салған Әз- Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқым Жәңгір хан. А. — Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, Қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) “ақтабан шұбырынды” жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған “Сабалақ” деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Бұл, Ш. Уәлихановтың айтуына сүйенсек, А-дың 13 жасар кезі болса керек (онда А. 1710 ж. туған деуге де негіз бар).
Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы А-ға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған баба ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе А- дың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, А. 20 жасында қан майданда ерлігімен танылған. Бұқардың А-ға “Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде Ақ сұңқар құстай түледің” деуі осының дәлелі. Қай жылы туса да, 1730 — 33 ж. аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде: күйеу баласы) Шарышты өлтіреді.
Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, А. атанады.
А-дың 20 жасы қай жылға сәйкес келуіне байланысты, қай шайқасқа қатысқаны туралы болжам айтуға болады.
Бұл, әрине, А. қатысқан алғашқы соғыс емес. Ел әңгімелері, тарихи жырлар Сабалақ әуелде Бөгенбай жасақтарының құрамында жорық-жортуылдарға қатысқанын айғақтайды. Аңырақай шайқасына қатыспады дегеннің өзінде де, А-дың 1730 — 33 ж. болған бір ірі шайкасқа қатысқаны дау тудырмайды. Тарихи деректерден Орта жүз жасақтары мен жоңғарлардың арасында 1930 ж. да, 1731 ж. да бірнеше үлкен ұрыстар болғаны белгілі. 1732 ж. жоңғарлардың 7 мыңнан астам әскері Орта жүздің шығыс шетіндегі ауылдарына шабуыл жасап, тегеурінді тойтарысқа тап болады (Ресей сыртқы саясатының архиві, Жоңғар істері қоры, 113/1-т., 1-іс, 95-96 парақ). Абылайдың жиырма жасы 1733 жылға сәйкес келсе, дәл сол жылы қазақ пен қалмақ арасында үлкен майдан болғаны қытай деректерінде атап көрсетілген. А-дың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 30 — 40 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау “Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп…” деп сурет- тейді. Ол соғысқа А-дың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шакшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да А- дың жауға қарсы қазақ хал- қының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Әз-Тәуке ханның немересі Әбілмәмбет ханнан (ол да Салқам Жәңгірдің әулеті) өтіп, А-дың қолына көшеді. А- дың ерлігі мен ақыл-парасатына бас ұрған Әбілмәмбет ақылшы аға болып қалып, кеңесші хан дәрежесімен шектеледі.
18 ғ-дың 30-жылдарының аяғыңда А. есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.И. Левшин: “1739 ж. Орта жүзде Сәмеке (Орта жүздің батысындағы аз санды руларды биледі) ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген”, — деп жазды. Ш. Уәлиханов та осы пікірді қолдайды.
1738 — 41 ж. А. бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншыларына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 ж. А. тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Сол кездегі ойрат басқыншыларына 46 қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған А-дың жау қолына түсуі қазақ қоғамында абыржушылық туғызып, А-ды босатып алу үлкен саяси мәселеге айналады. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен А- ды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасайды. Бұл деректің шындық екенін осы кезеңде Орынбор ген.-губернаторы И.И.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттары да дәлелдей түседі. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 ж. 5 қыркүйекте А-ды тұтқыннан шығарып алады. Бұл жөнінде Неплюевтің Сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдірілген (Ресейдің сыртқы саясат архиві. Жоңғарлар ісі қоры, 113/1-т., 3-іс, 14-п.).
А. билігінің күшейе түсуінің жаңа кезеңі 1744 ж. Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды.
А. көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломат. жолдарды да тиімді пайдаланды. 1740 ж. тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің “қамқорына”кіруге келісімін білдірді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым-қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды (1757—77 ж. Пекинге 10 елшілік жіберген). Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. А. 1745 ж. Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, Жоңғарияның билеуші топтарының тақ таласынан әлсіреп, бұрынғы әскери қуатынан айырыла бастауын және жоңғар-қытай соғысын Шығыс Түрікстанмен іргелес өңірдегі ойраттардың уақытша билігінде қалған қазақ жерлерін қайтаруға, елдің дербестігін толық қалпына келтіруге пайдалану үшін барынша күш салды. А. қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті.
1745 ж. Орта жүздегі Әбілмәмбет, А. және Барақ сұлтан қатар аталса, 3-4 жылдан кейін мұндағы жағдай мүлдем өзгерді. 1749 ж. тамыз айында Неплюевпен кездесуінде Жәнібек тархан: “бұрын Орта жүзде Әбілмәмбет хан болған, бірақ ол біраздан бері Ташкентте тұрып жатыр, ел басқарудан қалған. Барақ сұлтан зұлымдық ісі үшін кашып жүр. Онда жалғыз Абылай сұлтан ғана билік жүргізіп отыр”, — деп көрсетті.
Жазба деректерде А-дың шетел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендігі айқын көрсетіледі. 1752 ж. ол бастаған қазақ әскері шамасы 15 — 20 мың адамдай ойраттар қолының шабуылына тойтарыс берді. 1753 ж. желтоқсанда А. 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754 ж. сәуірде А. бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, (Қаратал өз. бойында), сол жылдың шілде–тамыз айында 4 мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға алып келген. 1756 ж. А-дың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп (А. жаралы болады), екіншісінде жеңіске жетеді. 1757 ж. А-дың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайкасынан соң, қытайлар А- дан бітім сұрады.
1753 — 54 жылдардағы шайқастарға Қабанбай, Бөгенбай, Жанатай, Керей Жәнібек, Өтеген батырлар қысы-жазы үзбестен қатысады. А. бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны (Давациды) шауып, бірде оны және Әмір- сананы өзіне паналатты. Сөйтіп Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. Тегеурінді әскери қимылмен қатарластырыла жүргізілген дипломатиялық әрекеттері А-ды өз заманының ұлы қайраткерлері деңгейіне көтерді. Осының нәтижесіңде А. әскері 1771 ж. Мойынты өз. бойында болған қалмақтармен ауыр шайқаста жаңа жеңіске жетті.
Саяси ахуал тұрақталған шақта А. қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754 — 55 және 1764 ж. қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарды шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ пен Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті А. 1755, 1765 жылдары Қырғыз ұлысына карсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады (қ. Жайыл қырғыны), казақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды. Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765 — 67 ж. А. қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қ-лары қайтадан казақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды.
Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртынын санасында “Шаңды жорық” деген атпен белгілі. Бұл 1771 ж. Еділ қалмақтарының (170 — 180 мың адам; 40 мыңдай әскері бар) жоңғарға казақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы сокқы береді. Балқашқа жақындаған кезде А. бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте А. тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып-жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі А. түйінінің аржағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатыр. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да А. саясаты- ның тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бү- тіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де А. ел бірлігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, бұзық сұлтанды жазаға тарту жағында болады.
А. соғыс жағдайына сай қол астындағы елде, әсіресе, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні катты болған. А. сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. А. қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.
1771 ж. жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда А-ды хан көтерді. А. іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының (хандығының) ұлы ханы болды. Тарихи деректер, аңыз-жырлар да А-дың Үш жүздің әміршісі ретінде ардақталғанын көрсетеді. Қытай императоры, Жоңғария хандығы, Орта Азия мемл-тері А-ды бүкіл қазақ ханы деп ресми түрде танығанымен, А ханның беделінің өсіп бара жатқанынан сескенген Ресей патшасы Екатерина II А-ға Орта жүз ханы ретінде ғана сый-сыяпат көрсетті. Бұл бір жағынан “Бөліп ал да, билей бер” саясатының көрінісі еді. И.И. Неплюевтің: “Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болуы мүмкін” деген пікірі мұны айғақтай түседі.
Ш. Уәлиханов Абылайдай шексіз билікке ие болған бір де бір қазақ ханының болмағанын, оның мемл. билігін орталықтандырып, нығайту бағытындағы әрекеттерін, “ханның билігін алқалы кеңес арқылы шектеп отыратын рубасылар мен сұлтандардың өркөкірек үстемдігін” тыйғандығын жазды. Шоқан: “Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі, қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған”, — деп атап көрсетті. Бүкіл өмірін Абылайдың оң тізесін басып отырып, оған ақыл-кеңес айтумен өткізген Бұқар жырау Қалқаманұлының ханға “Алтын тақтың үстінде, Үш жүздің басын құрадың” деуінің негізінде тарихи шындық жатыр.
А. Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 ж. қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен “ Қасірет белдеуі” (“Горькая линия”) бойындағы орыс бекіністерін шапты. Ш. Уәлиханов: “1771 жылы хан сайланғанда да, ол орыс шекарасына барьш, ант бергісі келмеді. Сөйтіп ол өзін халық қалап, баяғыда-ақ бұл дәрежеге лайықты қойғанын, Көктің ұлының және өкілеттік қағазы барын желеу етті”, — деп жазды. 1779 ж. 4 қазанда Орынбор әкімшілігіне’ жолданған патша жарлығында: “Ордадағы Абылай ықпалын әлсірету мақсатында, онымен тайталасқа түсе алатын адам табу” шаралары да қарастырылады.
А. қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі.Ол — “Ақтолқын”, “Алабайрақ”, “Бұлан жігіт”, “Дүние қалды”, “Жетім торы”, “Қайран елім”, “Қара жорға”, “Қоржынқақпай”, “Майда жел”, “Садаққаққан”, “Сары бура”, “Шаңды жорық”, т.б. күйлердің авторы.
А. өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өз. жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қ-ндағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. А-дың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды (қ. Абылай хан әулеті). Қазақ халқының жадында А. қажырлы мемл. қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.
Азаттық күрестің жалынды басшысы А. ханның асқақ тұлғасы, ақыл-парасаты Бұқар, Үмбетей, Шәді төре Жәңгірұлы жырларында, ақындар Көпбай Жамантайұлы, Мәжит Айтбаевтың дастандарында, I. Есенберлиннің, Ә. Кекілбаевтың Қ. Жұмаділовтың, т.б. туындыларында сомдалды. Оның ұлағатгы өмірі мен ішкі, сыртқы саясаты отандық және шетел ғалымдарының (Ш. Уәлиханов, В.В. Бартольд, Н. Мыңжани, Р.Б. Сүлейменов, М. Мағауин, М.Б. Олкотт, Дж. Уилер, т.б.) назарын аударып келеді.