АБЫЛ, Абылай Тарақұлы (1820, Маңғыстау аймағы, Оймауыт — Желтау мекені — 1892, сонда), халық күйшісі. Шын аты — Абылай. А. бала кезінде еркелетіп атаған есімі. Жасынан ән мен күйді серік етіп, Боғда, Қошқар сынды күйшілерді ұстаз тұтқан. Олар- дың күйлерін үйреніп қана қоймай, бертін келе өзі де күй шығарып, орындаушылық, күйшілік өнерімен танылған. Қазақстанның батыс аймағын, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Хиуа аумағын аралап, сан рет күйшілер өнерінің сайысына түсті. А-дың «Абыл», «Ақжелең» (А. нұсқасы), «Нар ату», «Ақсақ құлан», “Кеңес”, “Аранжанның шалқымасы” аталатын күйлері сақталған. Есбай (Тазбала), Алтынай, Сәулебай, Өскенбай, Арал, Құлшар, Қауен, Есір, т.б. күйшілер өздерін А-дың шәкірті санаған әрі оның күйшілік өнерін, орындаушылық дәстүрін жалғастырып, кейінгі ұрпаққа жеткізген. А. Маңғыстау домбырашылық мектебінің негізін салушы. Стильдік жағынан оған шалқыма формасы, нәзік қайырымдар, күрделі үндестік тән.