АБЫЗ АЛТЫН-МЫС КЕНІ, Қарағанды обл. Қарқаралы ауд-нда орналасқан. 20 ғ-дың 60-жылдары ашылған. Ол Ақбастау антиклиналды белдемінің батысында девонның барлық бөлімдерінің жыныстарын қамтитын қабаттар тобырын құрайды. Кен төменгі девонның андезит-базальтты жанартаулық кезеңінде қалыптасқан. Кен орны Абыз антиклиналінің бойын алып жатыр. Осы антиклинальдің қатты жарықшақтанып өзгеріске ұшыраған жоғарғы белдеміне негізгі кен денелері шоғырланған. Олар, негізінен, массивті болып келеді, сондай-ақ сеппелі-желілі түрде де кездеседі. А. а,- м. к-нде кездесетін минералдар 9 түрлі парагенездік бірлестіктер құрайды (қ. Минералдар парагенезисі). Негізгі кентасты минералдар — сфалерит, халькопирит, галенит және пирит. Кентас құрамындағы мыс, мырыш және қорғасынның арақатынасы: 4, 4:11:1. Кентастар минералдық құрамы бойынша, күкіртгі, мысты, мырышты, мысты-мырышты, полиметалды, қорғасын-мырышты колчедандар сияқты алты түрге жіктеледі. Кентас құрамында алтын мен күміс едәуір. Алтын барлық минералдық бірлестіктердің құрамына кіреді, саф алтын түрінде де кездеседі. Сирек элементтерден селен, теллур, висмут, сүрме, мышьяк, қалайы, индий, таллий бар. А. а.-м. к. толық барланған, бірак өнім өндіру жұмыстары жүргізілмеген.