АБХАЗДАР

АБХАЗДАР (өзд. атауы — апсуа) — халық. Грузияда — 96 мың адам, соның ішінде Абхазия Республикасында 93 мың (1992). Біразы Түркия, араб елдеріне 19 ғ-дың 2-жартысында қоныс аударған. Абжуй, гудаут, самурзакан этникалық топтары бар. Жалпы саны 115 мың адам. Еуропа нәсілінің балкар кавказдық тармағына жатады, абжуй, бзыб тілінде сөйлейді, жазуы кириллицаға негізделген. Діні — мұсылман-сүннит, православие дінін ұстанатындар да бар. А-дың ата тегі Батыс Кавказды ежелден мекендеген. Ассирия жазбаларында-абешла, көне деректерде — абазг деп аталған. 8 — 10 ғ. Абхаз патшалығы кезінде көп тайпалар абхаз халқының кұрамына кірді. 13 ғ-дың 2-жартысында Абхаз патшалығын монғол-татарлар жаулап алды. 16 ғ-дан бастап Түркия бодандығында болды. 17 ғ-дың басында дербес Абхаз княздігі құрылды. 1810 ж. Ресей империясының құрамына кірді (1864 жылдан бастап Сухуми округі). 1921 ж. Абхаз КСР-і құрылды. 1921 ж- дан бастап Грузия КСР-нің құрамына енді, 1931 жылдан АКСР кұқығын иемдеңді. 1990 ж-дың желтоқсанынан Абхаз авт. респ., 1992 ж. шілдесінен Абхазия Республикасы. 1992 — 94 ж. аралығында Абхазия Респ. территориясында елдің мемл. мәртебесіне байланысты қарулы қақтығыстар болды. А. негізгі кәсібі — егіншілік, отарлап мал бағу, омарташылық және аң аулау. Жүгері, бидай, темекі, мақта, жүзім, жеміс-жидек, ірі қара, тауда ешкі өсіреді. Кейін шай, цитрус жемістерін өсіре бастады. Дәстүрлі қолөнері — а. ш. құралдарын, ыдыс-аяқ, аң мүйізінен, темірден әшекейлер жасау, кесте тігу, кілем тоқу, ағаш өңдеу. Үлкен патриархалдық отбасына — аталықтарға бірігеді. 19 ғ-да көршілік қауым көбейе бастады. Дөңгелек, төрт- бұрышты шетеннен тоқылған баспаналар 19 ғ. ағаш үйлермен, 2 қабатты тас үйлермен ауыстырылды. Ерлер жүннен тоқылған немесе мақталы шалбар, көйлек, бешпет, бурка, киіз қалпақ киеді. Әйел киімдері — бүрмелі шалбар, тік жағалы көйлек, бешпет, байлауыш, ағаш кебіс. Ұлттық тағамдары — мамалыга, ашыған сүт, ірімшік, көкөніс, пісірілген қой, қуырылған құс еті (аджика).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *