АБСТРАКТІ ӨНЕР

АБСТРАКТІ ӨНЕР, абстракционизм (лат. аbstractio – дерексіздік) – кескіндеу өнерінде, мүсін мен графикада нақты заттарды бейнелеуден бас тартатын ағым. А. ө. 1910-13 ж. кубизм, экспрессионизм, футуризм сияқты ағымдардың жіктелуі кезінде пайда болды. Көркемдік форманың қандай да көріністерінен (фактура, аумақ, бояу) бас тартқан А. ө-дің алғашқы үлгілерін Германияда В.В. Кандинский, Францияда Р. Депоне, Испанияда Ф. Пикабия, Ф. Купха, Ресейде К.С. Малевич, М.Ф. Ларионов, Н.С.Гончарова, Нидерландиядағы жаңа пластикалық өнер өкілдері П. Мондариан, Т. ван Дусбюрг, т.б. жасады. 1-дүн. жүз. соғыстан кейін А. ө. көріністері дадаизм мен сюрреализм өкілдерінің жекелеген шығармаларынан байқалды. Сонымен бірге архит-да, безендіру өнерінде бейнесіздікке ұрыну, матем. және инж. Талаптарға бағынатын құрылыстар салу бағыты пайда болды (“Стиль”, “Баухауз” топтарының тәжірибесі). 30 ж. басында, негізінен, Францияда әр ұлттың және әр бағыттың суреткерлерін біріктірген А. ө. топтары болды (“Нақты өнер”, 1930 ж; “Шеңбер мен төртбұрыш” 1930; “Абстракция және шығармашылық” 1931 ж.). Бірақ А. ө. ол кезде кең қанат жая алмады, 30-жылдардың ортасында бұл топтар ыдырап кетті. 2-дүн. жүз. соғыс жылдарында АҚШ-та “абстракті экспрессионизм” (кескіндемешілер Дж. Поллок, М. Тоби, т.б.) деп аталатын, өз әдістерін “таза психологиялық автоматизм” деп жариялаған, оқыс бояулар мен кескіндердің қиюласуын дәріптеген мектептер пайда болды. 50-жылдары А. е. көркемөнердегі негізгі түрлердің біріне айналды. 60-жылдардың ақырына дейін А. ө. ресми танылған жоқ, сыңар жақ бағаланды. Қатаң идеологиялық қысымға қарамастан А. ө-дің әр түрлі бағыттары пайда болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *