АБРАМОВ Николай Алексеевич (1812, Тобыл губерниясы, Қорған қ. – 1870) – Сібірді зерттеуші орыс ғалымы. 1834 жылдан Тобыл қ-ның оқу орындарында, кейін Семей қ-нда жұмыс істеді. Павлодар, Өскемен, Семей, Алматы (Верный), Қапал, т.б. қалалар, бекіністер, с-лардың салыну тарихы, олардағы халық саны, кәсібі, оқу орындары, орыс-қазақ қатынастары, Ресей қол астына қарауы туралы бірнеше ғыл.мақалалар жазды. Омбы–Семей жолы бойындағы, Қапал мен Қаратал өңіріндегі, Жетісудағы обалар мен бірнеше архит.ескерткіштерге сипаттама береді. Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарына талдау жасап, ол туралы халық аңызын жариялады. А. 1842 ж. Сібірге жер аударылып барған Ғұбайдолла Уәлихановпен кездесіп, ол жайында көлемді очерк жазды. А. жинаған археол. және жазба мұралардың ішінде «Жеті шатырды» (Семей) қазғанда табылған түрлі түсті бояумен таңбаланған көне түріктің бас сүйегі, қарлұқ қағаны Арсланның 1212 ж. аты жазылған алтын сақина (Қапалдан табылған), тастағы ту ұстаған түрік әйелінің суреті және басқа да көне жазба ескерткештері бар.