АБРАЗИВТЕР (лат. аbrasio – қыру), абразивтік материалдар — металды, керамикалық бұйымдарды, тау жыныстары мен минералдарды, шыныны, теріні, резеңкені, т.б. механик. өңдеуге арналған қатты заттар. Ертеден-ақ материал өңдеуге табиғи А. (шақпақ тас, зімпара, граната, пемза, корунд, алмас) қолданылды. Ал 19 ғ-дың аяқ шенінен бастап бұл мақсатқа жасанды А. (электр-корунд, кремний карбиді, бор карбиді, монокорунд, синтет. алмас, т.б.) жұмсала бастады. А-дің қаттылығы алмас пирамиданы сыналатын материалға батыру арқылы анықталады (мыс., кварцтың қатт. 11000 — 11300, электркорундтың қатт. 18000-24000, алмастың қатт. 84250-100000 мН/м2). А-дің қырғыштық қабілеті зат ажарлау үстінде абразив түйіршіктердің мұқалғанға дейінгі түсетін массасымен анықталады. Осы қабілетіне қарай А. мына ретпен орналасады: алмас, бор нитриді, кремний карбиді, монокорунд, электркорунд, зімпара, кремень. Абразивті материалдардан абразивті аспаптар жасалады. Олар, негізінен, берік және солқылдақ болып негізгі екі типке бөлінеді. Берік абразивті аспаптарға ажарлауыш дөңгелек, калпақша, сегмент пен қайрақ, ал солқылдақ абразивті аспаптарға ажарлауыш қабықша және одан жасалған бұйымдар жатады. Абразивті аспап жасау технологиясы байланыстырғыш материал дайындау, абразив массасын аралыстыру, қалыпқа түсіру, термиялық және мех. өңдеу, беріктігі мен қаттылығын сынау жұмыстарынан тұрады. Тиісті пішінге кетіру үшін абразивті аспаптар мех.өңдеуден өтеді. Абразивті аспаптардың 12000 түрі бар, олар 750 типке бөлінеді. Бүгінде түрімен, пішінімен, құрылымымен және қаттылығымен ерекшеленетін 250.000-нан астам абразивті аспаптар жасалып шығарылды. Абразвиті аспаптар машина жасаудың әр саласында, әсіресе, подшипник жасауға, жаңа техникаларды, күрделі пішінді, қуыс бөлшектер мен түтіктерді, өзектерді мех.жолмен өңдеуде кеңінен қолданылады.