АБОРТ (лат. аbortus — түсік), медицинада — құрсақтағы ұрықтың 28 апталық мерзімге жетпей тіршілігі үзілуі немесе түсік түсуі. Жүктіліктің 14-15 аптасына жетпей ұрық тіршілігінің үзілуін ерте, ал 14-15 аптадан кейін үзілуін кеш түсік дейді. А. өздігінен түсік тастау және жасанды түсік жасату болып бөлінеді. Әйелдің өздігінен түсік тастауы әр түрлі ауруларға (бруцеллёз, туберкулез, сүзек, жыныс мүшелерінің аурулары, т.б.), кез- дейсоқ жағдайларға (жығылу, ренжу, шошыну, ауыр жүк көтеру, т.б.) байланысты болады. Алдын-алу шаралары: қыз балалардың денсаулығына жас кезінен көңіл бөлу, науқас әйелдерді диспансерлік бақылауға алып, емдеу. Жасанды түсік (медициналық А.) жасату арқылы екіқабат әйел өз еркімен ұрық тіршілігін үзеді, мұндай А. тек дәрігерлік мекемелерде ғана жасалады. Одан тыс жерлерде жасалған А. қылмыстық әрекет болып саналады. Көп мемлекеттерде жасанды түсік жасатуға рұқсат берілмейді. ҚР- да қолданылатын заңдарға сәйкес жасанды түсік жасатуды 12 апталық мерзімге тол- ғанға дейін әйелдің өзі шешеді. Егер жүктілік мерзімі көрсетілген уақыттан асып кетсе, жасанды түсік дәрігерлік кеңестің шешімімен ғана жасалады. А. әйел денсаулығына зиян тигізеді, әсіресе, алғаш рет көтерген баласын жасанды түсік жасату арқылы алдырып тастаған әйелдер болашақта бедеулік зардабын тартуы мүмкін.