АБД әр-РАХМАН ЖӘМИ, Абд әр-Рахман Нұр әд-Дин ибн Ахмед Жәми (7. 11. 1414, Хорасан аймағы, Жәм қ. — 9. 11. 1492, Герат) — парсы ақыны, филолог, философ, музыка зерттеушісі. Әуелі Гераттағы Дил- каш медресесінде, кейін Самарқандағы Ұлықбек медресесінде білім алған. Самарқанда ғалымдармен тікелей араласып, олардың арасында білімділігімен даңқы шыққан. Гератқа оралған соң, сарай қызметінен бас тартып, сопылық жолға түскен. Ақын шығармаларында сопылықты насихаттау, халықтың азапты өміріне жаны ашып, қанаушыларды әшкерелеу қабаттаса жырланды. 1456 жылдан Гератта Х.Байқараның сарайында қызмет атқарды. Осы кезде Ә.Науаимен танысты. А. әр-Р.Ж-дің алғашқы шығармасы – өз дәуірінің эциклопедиясы іспеттес «Алтын шанжыр» дастаны. 1468 ж.Науаидің Х.Байқара сұлтанның уәзірі болуы ақын жағдайын жақсартты. Ақын діни- филос.қағидаларында сопылықтың тәңірмен бірігу, сүйіспеншілік туралы категорияларындағы мистикалық мәннің жігін ажыратып, оған филос.адамгершілік мағына берді. Адамға деген сүйіспеншілікті, гуманизмді, әдептілікті жырлады. Ол, негізінен, дінді жақтағанмен, табиғат шындығын жоққа шығармады. А. әр-Р.Ж-дің даңқын шығарған туындылары лирикалық үш жинақ (1479-91) пен жеті дастаннан тұратын «Һәфт авранг» атты кітабы. Ал «Жүсіп- Зылиқа» (1483), «Ләйлі – Мәжнүн» (1484), «Сүлеймен мен Ибсол» (1479-80) дастандары парсы әдебиетіндегі нағыз шыншыл, гуманистік рухта жазылған туынды болды. “Бәһористан” (1487) атты прозалық шығармасында мұсылмандық шығыс әдебиетінің ірі тұлғалары, оның ішінде өзінің досы Науаи туралы құнды мәліметтер қалдырды. Сондай-ақ Әбу Наср әл-Фараби, Сафи әд-Дин, Абд ул-Қадыр сияқты ғалымдардың музыкаға байланысты еңбектерін жете зерттеді. Соның нәтижесінде музыканттардың теориялық қағидалары мен муз. тәжірибелерін өз трактатында ғыл. тұрғыдан жан-жақты қорытты. Музыканың шығуы, интервалдардың арақатынасы, ладтардың мәнерлік мазмұны сияқты муз. теориясына қатысты мәселелердің барлығын түгел қамтыды. А. әр-Р. Ж. шығармалары қазақ халқына ертеден таныс. Оның “Жүсіп — Зылиқасы” мен “Ләйлі — Мәжнүні” халық арасына кең тараған. Шығармалары көптеген тілдерге аударылып, мол тиражбен тарады. Қазақ тілінде “ Өлеңдер мен дастандар” атты жинағы жарияланды (1968).