АБД ул- КАРИМ БҰХАРИ (18 ғ-дың 2-жартысы, Бұхара — 1830, Константинополь) — тарихшы. Өмірі жөнінде мәлімет аз. Саяхат жасап, бір- қатар елді аралаған. 1807 — 08 ж. елшілермен бірге Константинопольге барған. Оның парсы тілінде жазған тарихи- геогр. еңбегі 1873 — 74 ж. Мысырда басылып шықты. Еңбек француз тіліне аударылып, 1876 ж. Парижде “Орталық Азия (Ауғанстан, Бұхар, Хиуа, Қоқан) тарихы” деген атпен жарық көрді. Шығармада Орт. Азия (Ауғанстан, Бұхар, Хиуа, Қоқан, Тибет Кашмир) жөнінде қысқаша геогр. мәліметтер берілген және Ахмед Шаһ Дуррани заманынан бастап, өз тұсына дейін осы елде болған тарихи оқиғалар баяндалады. Сонымен бірге Дешті Қыпшақ жерін қазақтармен бірге мекендеген қарақалпақтар, Қазақстан мен Хиуаның сыртқы саяси байланысы, Хорезмді билеген қазақ хандары туралы құнды мәліметтер кел- тірген.