АБД МҰХАММЕД (1849 — 1905) — Египет ғұламасы және қоғам қайраткері, Исламды қоғамның өркениетті даму жағдайларына қарай бейімдеу бағытындағы діни-қоғамдық ағымның негізін қалаушылардың бірі. әл-Азһар дін ілімі ун-тін тәмамдаған. Британияға қарсы топтармен байланысы үшін Египеттен аласталып, 1884 ж. Парижде әл-Афгани- мен бірге “әл-Уруа әл-уусқа” деген құпия қоғам және сол атпен газет ұйымдастырды. Египетке қайта оралған соң, білім саласында жауапты қыз- меттер атқарды, әл-Азһар ун-тінің әкімшілік кеңесін басқарды, дәріс оқыды. 1899 ж. Египеттің басты мүфтиі болып тағайындалды. әл-Азһарда білім жүйесі бойынша реформа жасап, мұсылман тәртібі мен заң, сот жұмыстарында жаңа имандылық ережелерін енгізуді насихаттады. Ол құдай құдіретімен белгіленген жазмыш шеңберінде болса да, адамның ерік бостандығы бар деп таныды. Ол сонымен бірге, ислам негізін сақтай оты- рып, батыс өркениетінің жетістіктерін игеруді жақтады. Парламенттік демократияны қолдады. Ислам ілімін діни- заңдылық, адамгершілік пен әлеум. қағида түрінде қарастырып, оны уақыт ағымына бейімдеуге, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдары тарапынан қорғауға алуға баса назар аударды. Ол исламды соңғы кездегі “бұрмалаушылықтардан тазартуға”, адамзат мүддесі үшін пайғамбардың “өз” сүнналары мен Құран негізінде шариғатты қайта қарауға, иджтихадты толықк қалпына келтіруге шақырды. Абд М. адамның ақыл-парасатының шексіз мүмкіндіктерін, дүниені және оның даму заңдылықтарын танып-білуге болатынын атап көрсетті.