АБДУЛХАМИД II, Abdulhamid II (21.9.1842, Стамбұл — 10.2.1918, сонда) — түрік падишаһы, мемлекет қайраткері, саясатшы. Әкесінің падишаһтық билігіне ие болған үлкен ағасы Мұрад V- нің 3 айлық салтанаттан соң, уақытша соқпа дертке шалдығуына байланысты 1876 ж. 21 қыркүйекте таққа отырғызылған. 3 ай ішінде екі падишаһтың ауысуы бұл мемл-ке көз қадаған сырт күштердің дәмесін қоздыра түсті. Түркиядағы осы қапылысты сәтті өз ықпалын жүргізуге пайдаланып қалғысы келген Ресей 1877 ж. 24 сәуір күні Түркияға қарсы соғыс бастады. Бұл соғыс түрік тарихында “93-соғыс” (“93 Наrbі”) деген атпен белгілі. 1878 ж. қаңтардың 31-інде Едірне келісімі жасалды. Соғыс ауыр зардаптармен аяқталды. А. енді бүкіл әкімш. істерін өз қолына алып, сыртқы саясат мәселесіне ерекше ден қойды. 1878 ж. мамырдың 20-ында Ресеймен, шілденің 4-інде Англиямен, тамызда Алманиямен (Германия), 1881 ж. мамырдың 12-інде Франциямен, осы жылғы тамыздың 2-інде Грекиямен, т.б. бейбіт келісімшарттар мен уағдаластықтарға қол жеткізді. А. ішкі саясатта, мемл. құрылымды жетілдіруде түркішілдік бағыт ұстанды. Сыртқы саясатта ірі мемл-тер мен кіші мемл-тердің өзара теңдігі принципін сақтай отырып, жер көлемі 10 млн. шаршы км-ден асатын Осман империясының тұтастығын қорғай алды. А. 1909 ж. сәуірдің 27-інде тақтан түсіп, оның орнына бауыры, 33 жыл уәли (әкім) болған Ришад Әфенді — “Мехмед V” отырды. А. мұнан соң 9 жыл өмір сүріп, 75 жасында дүниеден өтті. Мәйіті Сұлтанмахмұд кесенесіне жерленді.