АБДУЛЛАЕВ Микаил Гусеноғлы (19.12.1921ж.т., Баку) – Әзербайжан кескіндемешісі, графикашы, КСРО халық суретшісі (1963), КСРО Көркемсурет академиясының корр. мүшесі (1958). 1939 — 49 ж. В.И.Суриков атынд. Мәскеу көркемсурет ин-тында оқып, С.В. Герасимов, В.А. Фаворскийден дәріс алған. А. негізінен, әзербайжан халқының өткені мен бүгінгі өмірі жайында, лирик. тақырыпта кескіндемелік және график. туындылар салумен шұғылданады. Ол “Қорқыт Ата кітабы” (1956) мен Физулидің “Ләйлі — Мәжнүн” дастанын (1958) безендірді. А-тың кескіндеме саласындағы “Кеш” (1947), “Мингәчевир оттары” (1951) картиналары, “Әзер- байжан даласында” (1963 — 65), “Күрішші қыздар” (1970) триптихы Бакудегі Әзербайжан мемлекеттік өнер мұражайында сақтаулы. “Аракс өзенінің арғы бетінде” (1950), “Үндістан көріністері” (1957-60) картиналары Мәскеудегі Шығыс халықтарының өнері мұражайына, “Жүз жастағы А. Бабаев” (1961) портреті Третьяков галереясына қойылған. 1965 жылдан Әзерб. өнер ин-тында сабақ береді. Ленин орденімен марапатталған.