АБДОЛЛА ХАН, Абдоллаһ II (шамамен 1533/34 — 8.2.1598) — Мауераннахр билеушісі (1583 — 98). Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайырдың 12 ұлының бірі Қожа Мұхаммед, одан Жәнібек — Ескендір — Абдолла. Шайбани әулетінен екі Абдолла шыққандықтан, зерттеушілер оны Абдоллаһ II деп атаған. А. х. 16 ғ- дың 40 — 50 жылдарындағы Шайбани әулеті сұлтандары- ның билік үшін Орта Азияда жүргізген өзара күресіне араласып, Бұхарға әкесі Ескендірді хан етеді. Әкесінен кейін таққа өзі отырады. А. х-ның 16 ғ-дың 2-жартысында жүргізген соғыстары “дербес ұлыстарды жинақтау” деген атқа ие болды. Соғыс барысында ол Балхты (1573), Хисарды (1574), Самарқанды (1578), Ташкентті (1582), Бадахшанды (1584), Гератты (1588) басып алды. 1593, 1594, 1596 жылдардағы жорықтарының нәтижесінде Хорезмді бағындырды. 70- жылдардағы Ташкент билеушісі Баба сұлтанмен күресте қазақ ханы Ақназар (Хақназар) А. х-ды қолдады. Баба сұлтан жеңіліп, А. ханмен келісім жасаған соң, Қазақ хандығы Ташкент билеушісіне қолдау көрсетті. Тәуекел хан тұсында (1582 — 98) Мауераннахр билеушісімен Сыр бойындағы қалалар үшін күрес өрбіді. А.х. Сібірдегі Көшім ханмен одақтасып қазақтарға қарсы саясат жүргізді. А. х-ға өзінің туған ұлы Абд ол-Мүмин қарсы шығып, жеңіске жетті. А.х. өлтіріліп, таққа баласы отырды. 6 айдан кейін Абд әл-Мүмин хан да өлтіріліп, Орта Азиядағы Шайбани әулетінің билігі толығымен жойылды. А. х. туралы Хафиз Таныштың “Шәрәф наме-ий шаһи” немесе “Абдолланаме” атты 16 ғ-дың соңында жазылған шығармасы бар.