АББОТ, Джеймс (т.ө.ж.б) – 1840 жылдың сәуір және мамыр айларында ағылшын елшілігінің құрмаында (Г. Стоддарт, Р.Шекспир, А.Конолли) әскери-дипломатиялық тапсырмамен Орта Азия хандықтары мен Қазақстанда болып қайтқан армия капитаны, зерттеуші. Елшіліктің алдына қойған мақсаты Орт.Азида ағылшын-орыс бәсекелестігінің күшеюіне және ол кезде ағылшын отары – Үндістанға «орыс қаупінің» төнуіне байланысты Хиуа және Бұхар хандықтарын Ресейге қарсы одаққа тарту еді. А. осы бағытта қазақтар арасында да барлау жүргізді. 1840 ж. 4 мамырда оны Есет батыр тұтқынға алды, бірақ А.түрікмендердің көмегімен құтылып шығып, Ново-Александровск (қазіргі Ақтау қ) бекінісіндегі орыс әкімшілігіне келіп паналады. Ақыр аяғында Орынбор арқылы Петербургке жетіп, еліне оралды. А-тың «Гераттан Хиуаға, Мәскеуге және Санкт-Петербургке саяхат күнделігі» (Лондон, 1943) аталатын екітомдық еңбегінде айтылған батыр – Есет Көтібарұлы (1807-88) болуы мүмкін. А.Тасқалада (Дашкала, Ново-Александровск), Гурьевте (Атырау), Оралда және Орынборда болып, ол өңірлердегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы жөнінде мол мәліметттер жинады. Қазақтар «қонақжай, жаны жайсаң халық» деп жазды. Шеркеш, Жармұхамед есімді қазақ байларымен кездесіп, Кіші жүз қазақтарының орыстар жөніндегі көңіл-ауанына, әскери жасақтары мен қару-жарағына назар аударды.