АБАЙ (Ибраһим) Құнанбаев

АБАЙ (Ибраһим) Құнанбаев [29.7 (10.8).1845, қазіргі Шығыс Қазақстан обл.Абай ауд. Қасқабұлақ жайлауы, бейіті Жидебайда)] – ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор. Ақынның арғы бабасы – Олжай батыр. Олжайдан Айдос, Қайдос, Жігітек есімді 3 ұрпақ тарайды. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай туады. Бұлардың әкесі момын, шаруа адамы, ал шешесі өткір тілді, өр мінезді әйел болған. Сол Айпара ана балаларына:

«Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым,

Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,

Сірә да оңбас Торғайым», -деген сипаттама берген (Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы, А., 1985, 26-б). Анасы айтқанындай, Ырғызбай ортасынан оза шауып, ел басқарған. Ырғызбайдан Үркеп, Мырзатай, Жортар, Өскенбай тарайды. Өскенбайдың әйелі – Зереден Құнанбай туады. Құнанбай 4 әйел алған. Оның бәйбішесі Күңкеден – Құдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң, өзі алған екінші әйелі – Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. А-дың «Атадан алтау, анадан төртеу…» едім дейтіні осыдан. Болашақ ақын сабылы мінезіне, кең пейіліне сай ел анасы атанған «кәрі әжесі» Зеренің мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, әзіл-қалжыңға шебер, жөн-жобаға жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. А. бала кезінде ширақ, пысық болмағанымен, елдегі шешен, ақын, ертегішілер әңгімесін тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен ерекшеленген. Шортанбай, Дулат, Бұқар жырау, Марабай, Шөжелерді тыңдап өскен. Анасы Ұлжан да шешен болған,сөз қадірін білетін ортада өскен кісі. Оның ағасы (әкесі Тұрпанның інісі) Тонтайдың өлерінде қожа-молдаларға қарап: «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас», — дегені халық аузында мәтел боп кеткен. Құнанбай қажының да кеңінен толғап сөйлер тереңдігі, өз тұстарының ғана емес, шетелдік саяхатшылардың да назарына іліккен; қ. Янушкевич.

Құнанбай қажы «Ескітам» деген қоныстан медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан. А. сегіз жасында әуелі сол «Ескітам» медресесінде дәріс алып, ауыл молдасы Ғабитханнан оқыған. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онжа 3 жыл оқыған. Медресенің үшінші жылында ол осы қаладағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, ондай 3 ай орысша оқиды. Бұл тұста М. О. Әуезовтің «Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай жатқа айтып шыға алатындайзерек болады. Сонымен дәріс үстінде оқылатын сабақтарды ұғып білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытын Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады. …Оқуға кірген соң-ақ тез есейіп,ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған. Өзінің әбден сүйіп, таңдап оқыған ірі ақындары болады. …Сол бала күнінде жаттаған кейбір өлеңдері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейні есінен шықпаған, ұмытылған» деген тұжырымы болашақ ұлы ақынның қалыптасу кезеңін айғақтайды. А. бір жағынан шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми, тағы басқаларды оқыса, Екінші жағынан А. С. Пушкин, А. И. Герцен, М. Е. Салтыков-Щедрин, Н. А. Некрасов, М. Ю. Лермонтов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевский, И.С. Тургенов, Н.Г. Чернышевский мұраларын оқып, түрлі ғылым салалары бойынша зерттеулер жүргізді. Есейген шағында, осы өзі оқыған философ, ақын, ғалымдармен тең дәрежеде пікір таластырып, олардың ішінен ірі ақындардың өзіне әсері болған кесек туындыларын қазақ тіліне аударған. Аударған өлеңдері көркемдік жағынан негізгі нұсқамен тең түсіп, кейде асып та жатады.

Құнанбай А-дың өзге балаларынан ерекше зеректігін ерте сезіп, оны әрі қарай оқытпай қайтарып алып, ел ісіне аралсуға баулиды. Сөйтіп 13 жастағы А. әке ықпалымен әкімш.-билік жұмыстарына араласады. Ол әке қасында болған жылдарда қазақ даласындағы әлеум.өмір қайшылықтарын жан-жақты тани түседі. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен парақор орыс әкімдерінің, жергілікті жарамсақ болыстар әрекеттерінің халық тағдырына кеселді, зияндылығын айқын түсініп, соған қарсы батыл қимылдар жасаған. Алайда оның тамыры тереңде жатқанын, отарлау жүйесінің бел алып, елдің құрсауда қалғанын сезіп күйзелген. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен оның аярлығын түсінбей өзара қым-қиғаш айтыс-тартысқа түскен, танымы таяз болыстар мен ел билеушілеріне қарсы күресуге бел буған А. болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады. 1875-78 ж. Қоңыркөкше еліне болыс болады. Бұл жылдары өз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразысын тең ұстауға күш салды. А. кейіннен, 1886ж. Е. П. Михаэлистің ұсынысымен, семей облыстық статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. А. 1880ж. И. Долгополов, А.А. Леонтьевпен танысып, олармен тығыз қарым-қатынаста болған. А. ел ісіне араласқан жылдарында әділеттілігімен, білімділігімен көрініп,халық арасында беделі өседі. «1885 ж. мамыр айында Шар өз-нің бойындағы Қарамола деген жерде Семей ген.-губ. Цеклинскийдің юасқарумен Семей губ-на қарайтын 5 уездің 100-ден астам би-болыстарыбас қосқан төтенше съезі өткізілді. Осы съезде төбе би болып сайланған А-ға «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» әзірлеу тапсырылды. А. бастаған комиссия барлығы 93-баптан тұратын ережені 3 күн, 3 түнде әзір етті. Бұл қазақ қауымындағы әдет заңдарына да, патша өкіметінің халықты қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа негізделген заңына да ұқсамайтын, өзгеше құжат еді. Оның, әсіресе, ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Бірақ А-дың беделін өсірген Қарамола съезінен кейін оның қарсыластары көбейіп кетеді. 1890 ж. Байғұлақ, Күнту деген кісілер бастаған 16 атқамінер Жиренше қыстауының шетіндегі Ши деген жерде А-ға қарсы дұшпандық әрекетке сөз байласады. 1891 ж. оразбай бастаған дау 1897 жылға дейін созылады. Бұл шиеленістің аяғы 1898 жылғы Мұқыр сайлауындағы жанжалға, А. өміріне қастандық жасауға әкеп соқтырады. Ақын бұл жанжалдың барша жиренішті сырын, өзінің ақ екендігін Сенатқа жазған хатында айғақты деректермен дәлелдеп береді». (Абай. Энциклопедия.А., 1995, 49-бет). Ел басқару қызметінде барынша әділ болып, халық қамын ойлаған, «тура биде туған жоқ» принципін ұстаған. Ғұмырының соңына қарай пенделік шаруалардан бойын алуақ салып, уақытының көбісін шығармашылыққа арнаған.

А. үш әйел алған. Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия, Райхан; екінші әйелі – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл, Кенже, барлығы 7 ұл, үш қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан – ұрпақ көрген жоқ. А. өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері – «Йузи-рәушән», екіншісі – «Физули, Шәмси». Өлеңдерін қағаз бетіне 80-жылдардың ортасында түсіре бастайды. «Сап, сап, көңілім» «Шәріпке», «Абыралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870-1880 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда» 1882ж. жазылған. Бастан-аяқ динамикалық суреттерден тұратын бұл өлең қазақ әдебиетінде қалыптасқан дәстүрлі ұғымдардан өзгеше, ішкі ой иірімдері терең. А. лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы болып келеді. Ол қазақ поэзиясында тіл кестесіне, сөз қолдануына да жаңа сипат дарытқан ақын. А. поэзиясының тілінде адамның жан тебіренісін, көңіл толғанысын, жүрек лүпілін,сезімін сан құбылып ойнақшуын көрсететін сипаттамалар, эпитет, метафора және басқа да бейнелі сөздердің жаңа, өзі шығарған соны үлгі-өрнектері мол. Мыс., «жүректің көзі», «жүректің оты», «көңілінің көзі ашық», «көңілдің көзі ашық», «көңілдің жайлауы», «ой өлкесі» деген ауыспалы мағына туғзатын бейнелі сөздерді – метафораларды қолданады. Бірде ақын жүрегі кейіптеу бейне арқылы сипатталады: «Жүрегім менің – қырық жамау». Осындағы жұлқынып, кескіленген, қырыққа бөлінген, парша-парша болып бөлектенген жүрек бейнесі ақынның өкінішін, арманын, қатандық-өшпенділіктен шеккен азабын, сүйенерге тірек таппай күйзелген налуын, т.б. көркемдік шеберлікпен жеткізіп тұр.

А-дың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі – «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес». Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен жер, күн мен айды айтып отырған сияқты. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. Ескі филос. еңбектерде табиғат өлсе де, адам өлмейді деп, осы екеуін біріне-бірін қарама-қарсы қою кездеседі. Мыс., Сократ адамды табиғатқа қарсы қойып, әділдік, ізгілік секілді адамның жақсы қасиеттерін зерттеу қажет те ал табиғатты зерттеу деген көңіл бөлуге тұрмайды деп санаған. Табиғат өзгереді, құриды, мәңгі өзгермейтін жаратушы бір Алла ғана деген ұғым бар. Жақсы адамның өзі өлсе де, жаны өлмейді деген пікірді философтар да айтқан. «Адам өлмес» деп бірден кесіп айтқан ойын А. төмендегідей жалғастырады:

… «Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес,

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес»

…Дәл осы өлеңінде «мен» және «менікі» деген ұғымдарды А. ажыратып, дәлірек айқындамайды. Келесі шумақта:

… «Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып аяғын көп шалдырған,»-дей келіп, алғашқы ойын енді тікелей жалғастырғандай:

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…» дейді. «Адам өлмес» дегеннің мағынасы өзі өлсе де, кейінгіге сөзі, айтқан ойы қалады деген пікірге саяды. А. «Өлең сөздің патшасы» өлеңінде «сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел!» — деп жұртшылықтан ақындық сөзге зор маңыз беріп қарауын, поэзияның жоғары қоғамдық міндетін түсіне білуін талап етті. Жаңа танымның баурап аларлық күшін, жаңа ақындық сөздің құнын әрбір адамның тани алатынына қазақ өмірінің сол кездегі жағдайында толық сенім арту қиын да еді. А. оны жақсы түсінді, мұны оның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңіндегі мына шумақтар толық дәлелдейді:

… «Шу дегенде құлағың тосаңсиды,

Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей».

Бұдан біз ақын өлең-жырларындағы жаңа,соны ой-пікірлерді жұртшылықтың қалай қабылдайтынына ерекше мән бергенін айқын аңғарамыз. Өлең-жырға көңіл қоятын қауымнан мән-жайын түсініп байыбына жетуді талап етті. «Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей». А. ақын халықтың тағдыры мен қасіретін терең түсініп, оның жоғын жоқтаушы болуға тиіс деп санаған. А-дың өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар мол. «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жаз», (Жаздыгүні шілде болғанда) «Желсіз түнде жарық ай», «Болыс болдым, мінеки», «Қызарып, сұрланып», «Келдік талай жерге енді», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» секілді өлеңдерінің қай-қайсысын алсақ та, мүлде тың дүние, шығармашылық жаңалық. Бұларға қоса «Ем таба алмай», «Ата-анаға көз қуаныш», «Сағаттың шықылдағы емес ермек», «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», аударма өлеңдерден «Жалғыз жалау жалдылдап», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» сияқты тағы сан алуан шығармаларды атауға болар еді. А. өлеңдерінің көбі не тақырыбы, не стилі, жанрлық сипаты немесе өлең өрнегі жағынан мүлде жаңа болып келетіндіктен осы топқа жатқызуға болады деген туындыларды түгел қамтып, бөліп алудың өзі өте қиын. Міне, осындай ондаған кемеліне келген өлең үлгілерін туғызған А. соларға ұқсас, біртектес өлеңдер жазуға ұмтыла бермейді. Әрине, қай ақында болсын бірнеше өлеңдер тақырыбы жағынан жалғас келіп отырады. Бұл сол тақырыпқа тереңдеп бару үшін қажет. Бірақ ол тақырып әр өлеңде әр қырынан ашылады. А-дың сарқылмас шығармашылық тапқырлығы, оның қолынан шыққан кемеліне келген, көркемдік бітімі жағынан мүлтіксіз өлең үлгілерінің көптігі және әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын, жаңаша сипатты дүние болып келетіні.

А-дың тіпті жылдың төрт мезгілін суреттейтін «Қыс», («Ақ киімді, денелі, ақ сақалды»), «Күз» («Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан»), «Жаз» («Жаздыгүні шілде болғанда»), «Жазғытұры» («Жазғытұры қалмайды қыстың сызы») секілді бір топқа, циклге жататын өлеңдерінің де әрқайсысы мазмұн-мағынасы, суреттеу тәсілі, құрылысы жағынан әр түрлі болып шыққан. Сондай-ақ өлең сөз, ән-күйдің мәнін, ақындық өнердің қасиетін бағалайтын, тақырыбы жағынан бір-біріне жалғас «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Адамның кейбір кездері» деген шығармалары да ойды әр қырынан өрбітуі, пікір сонылығы, бейнелеу, айту ерекшелігі бойынша бір-бірінен өзгеше сипат алған. Осындай бір-біріне ұқсамайтын әр өлеңінде ақынның өнерпаздық тұлғасы әр қырынан көрініп, жаңаша сипат табады. «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Көк тұман алдыңдағы келер заман», «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген сияқты өлеңдерін оқығанда А.ойшыл ақын екен деп таңдансақ, «Жүрегім, нені сезесің», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді» секілді өлеңдерді оқығанда, А.асқан сыршыл лирик ақын-ау деп тамасанамыз. Ал «Қан сонарда бүркітші шығады аңға», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Желсіз түнде жарық ай», «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» сияқты өлеңдерге назар салсақ, А-дың өмір құбылыстарын сөзбен мүсіндеп, жанды бейнеге айналдырып сипаттауда алдына жан салмайтын суреткер ақын екеніне ден қоямыз. «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Бөтен елде бар болса», тағы сондай туындыларға қарап нағыз сықақшыл, өткір мысқылға шебер ақын осындай-ақ болар десек, «Мәз болады болысың» атты өлеңді еске түсіріп, әжуалап келемеждеудің мұндай да нәзік, өтімді түрі болатынына тәнті боламыз. «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» атты өлеңдердің қазақ поэзиясында қалыптасқан насихат, өсиет үлгісіндегі нұсқалардан мазмұны да, ойды бейнелеп айту тәсілі де мүлдем өзгеше екені көңіл аударады. Ал «Сен мені не етесің», «Ем таба алмай», «Қор болды жаным» секілді нәзік лирикалық туындылар қазақ поэзиясында бұрын орын тепппеген сыршыл лириканың жаңа үлгілері екені айқын аңғарылады. А-дың әр өлеңінде оның осындай ақындық тұлғасына жаңа бір қырынан танытатын өзгешелігі болады десек, олар іштей астасып жатқан сипат, қасиеттер екенін де айтуымыз керек. «Сегіз аяқты» оқығанда мұнда терең сыршылдық, ғибратты насихатшылдық, бейнелеп суреттеуге, тіпті өлең өрнегін өзгеше өрнектеуге шеберлік те – бәрі ұштасып келетіні анық көрінеді.

А-дың көркемдік ойлау, бейнелеп айту, суретттеу тәсілі мүлде жаңа, даралық стилі еркін, икемді, поэзиядағы қалыптасқан, дайын үлгілері қайталмайды. Осының өзі-ақ оның поэзиясына жаңашылдық сипат дарытады. Ол қазақ поэзиясының мазмұндық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиеттте жаңа жанрлық түрлер туғызды. Халықтың сөйлеу тілінің, қазақтың ауызекі ақындық және ән өнерінің байлығын кең пайдалана отырып, ол өлең сөздің шеберлік құралдарын жетілдірді, өлеңдік өлшемнің интонациялық-ритмикалық байлығын терең ашып көрсетті, жаңа ырғақты, үйлесімді өлең үлгілерін енгізді, ақындық тілдің образдылық-бейнелеу, стилистикалық мүмкіндіктерін молықтырды. Қазақтың ақындық тілін, әдеби тілін ұстартып жетілдірді, әдеби тілді биік жаңа сапаға көтеріп, жаңа үлгіде қалыптастырды.

А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, т.б. ақындардың шығармаларын шеберлікпен аударып, қазақ әдебиетін жаңа ой орамымен байытты. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» бірнеше үзінді-нұсқаларды таңдап алып, «Татьянаның хаты», «Ленскийдің сөзі» атты өлеңдерін шығарды. Лермонтовтың «Ой», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар», «Теректің сыйы», «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр», «Жартас», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Альбомға» өлеңдерін қазақтың төл туындысынша сөйлетті. Бұл шығармалар А-дың ой көрігінде қайта қорытылып жаңадан дүниеге келген туындылар еді. Мыс., А-дың Лермонтов мәтінін қазақша жеткізу әдістері әр түрлі аударманың түпнұсқаға жақындық дәрежесі ылғи бірдей емес. Бара-бар, дәлме-дәл аудармаларында А.Лермонтов шығармасының ішкі әлемін, оның толқын лебізін, жаңа саласын қазақ тілінің суреттеу мүмкіншіліктерін пайдаланып, мол жеткізеді. Барлық жарастық сәнімен қазақ тілінде қайтадан туғызады. Солардың қатарына «Альбомға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз» сияқты өлеңдерін жатқызуға болады. Ал қалған жартысы еркін аудармалар. Мыс., «Ой», «Теректің сыйы» сияқты өлеңдер. А. жеке сөздерді, сөйлемдерді аударғанда алшақ кеткен тұстары бар дегенде, көбірек айтылатыны өлеңнің алғашқы шумағындағы:

«Арыстанның жалындай бұйра толқын,

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып», — деп келетін тармақтар. Бірақ осындағы «айдаһардай бүктеліп» дегенін еркіндікке жатқызсақ та, «арыстанның жалындай» дегені Лермонтовтың басқа бір шығармасындағы:

«И Терек, прыгая как львица, С косматой гривой на хребте,» — деп келетін сөздермен үндес екені байқалады. Және жал арыстанда ғана болатынын А.дұрыс ескерген («львица» деп жаңылыс айтылған ғой). А-дың аударма жасауға тереңдікпен, шеберлікпен, жауапкершілікпен келгенін байқайсыз. А. аудармалары қазақ поэзиясының өркендеп өсу жолындағы баға жетпес зор табысы болды.

А. – мысал өлеңдердің де шебері. Қазақ халқының сол дәуірдегі өмірін шыншылдықпен суретттеуге, әр түрлі топтар өкілдерінің мінезін, іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелер жасауға сөз өнерінде мысал жанрынан асқан көркемдік құрал жоқ. А-дың мысал өлеңдері Крылов шығармаларынан аударма деп саналып жүр. Алайда осы өлеңдерді талдап танығанда мысалдың өзіндік жанрлық ерекшелігін ескеру қажет. Мысалдары толық мағынасындағы аударма емес, көбінесе, белгілі бір сюжет еркін баяндалады. А. мысалдарының тағы бір дені ауыз әдебиетінен бастау алып, әлем халықтары әдебиетінде кеңінен тараған ежелгі танымал мотивтерден тұратындығы. Ортақ сюжетке жазыла берер мысал жанрының типологиялық дәстүрін сақтай отырып, сол сюжетке мысал жазған ақындармен жарысқа түскен: «Қарға мен түлкі» (Эзоп, Федр, Бабрий, Крылов, Абай, Ыбырай, Әлихан, Ахмет, т.б.), «Құмырсқа мен шегіртке» (Эзоп, Федр, А.Құрманбаев, Абай, Әлихан, т.б.). Бұдан, Аарне және Томпсонның дүн.жүз ертегілер каталогындағы сюжеттердің (сюжет ауысу теориясы) мысал жанрында әлем жазушыларының шығармаларында көрініс тапқанынын байқап отырмыз. А. мысалдары Крыловтан аударма емес ортақ сюжетте жазылған төл шығармалар.

Абай «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» поэмаларын жазған. Олардың үшеуі де шығыс халқына ортақ сюжетке құрылған. Бұларға қоса, ол Лермонтовтың «Вадим» атты көлемді прозалық шығармасын және «Демон» поэмасын өлеңмен аударуға кіріскенін ескерсек, поэма жанрындағы ақынның шығармашылық ізденістері аз болмағанын көреміз. Бұл екі аудармасы мен «Әзім» поэмасы бізге толық жетпегендіктен, нақтылы байлам жасау қиын. Ал «Масғұт» пен «Ескендір» туралы айтсақ, олардың өзгешелігі, бұрынғы осы сюжетке жазылған поэма-дастандар ізін қумай, басқа қалыпта жазылуы поэмаларға даралық сипат берген.

А. – әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік филос.түйіндері бар ғұлама. Ақынның рухани, даналық мұрасы терең мағыналы филос.идеяларға толы. Ол күллі Шығыста филос-ның негізгі мәні болып табылатын «жетілген адамды» өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айрықша көңіл бөлді. Адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамды адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру принциптерін, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартты. Адамның шексіз танымдық мүмкіндіктері жөнінде, білім мен ғылымның әлеум. рөлі туралы, адамтану мәселелерін көтерді.

Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. А-ды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экон.,саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады.

Ақын шығармалары сусындаған негізгі үш қайнар көзді айтатын болсақ, ол ең алдымен А. қазақ елінің ұлттық рухы мен менталитетін, оның көкейтесті арманы мен даналық ойларын абыздық көрегенділікпен, өлеңмен өрнектеуді казақ эпосынан үйренді. Сондай-ақ А-дың жүйелі ойларының үлкен бір арнасының калыптасуына Шығыстың рухани қазынасының да ықпал-әсерінің аз болмағандығы сөзсіз. Өйткені ол күллі араб пен парсының батырлық дастаны мен жырларын, Шығыстың атағы жер жүзіне мәшһүр классик ақындарын, Әбу Жафар Мұхаммед ат-Табари, Рабғузи, Рашид әд-Дин, Бабыр Захиреддин Мұхаммед, Әбілғазы Баһадүр ханның тарихи еңбектерін, сондай-ақ логика ғылымының негіздері мен мұсылмандық құқық, Шығыстың шариғат қағидаларын ұғындыратын ғұламалар еңбектерін жетік меңгерген. Сол еңбектерді түпнұсқасында оқитын жан-жақты білімдар, ғұлама болған.

Араб, парсы, түркі тілдеріндегі білім көздеріне А. ерекше көңіл аударады. Айрықша қабілетінің арқасында, араб, парсы тілдерін өз бетімен жүйелі түрде оқып, игереді. Сөйтіп ол Ә. Бөкейханов айтқандай, қасиетті кітаптардың білімпазы атанады.

Отырардан шыққан және Шығыстың екінші ұстазы атанған ғұлама ғалым Әбу Наср әл-Фараби философиясы А-дың дүниетанымын қалыптастырып дамытуда елеулі рөл атқарған.

Ақынның шұрайлы филос. ойлары, негізінен, Шығыс ойшылдары мен ақындарының кемел пікірлерін айрықша шеберлікпен игергендігін көр- сетеді.

Орыстың қоғамдық-филос. ақыл-ойы ақынның эстетик. көзқарасының қалыптасуына елеулі әсер етті. Сондай-ақ басын сонау антикалық ежелгі заман мәдениетінен алатын Батыс Еуропа мәдениеті А. дүниетанымының даму процесінде тарихи сабақтастық желісін атқарды. Қазақ кемеңгері Сократ, Платон, Аристотель еңбектерімен жақсы таныс болды. Сонымен қатар ол Спенсердің “Тәжірибелерін», Льюистің “Позитивтік фило- софиясын”, Дрепердің “Еуропа ақыл-ойының даму тарихы” атты туындылары мен Милльдің, Бокльдің және тағы басқа көптеген авторлардың да шығармаларын оқыған.

Батыстың өркениеті мен философиясы, қоғамдық ойдың даму тарихы, ғылымы мен мәдениеті А-дың рухани есею жолында елеулі рөл атқарып, Батыс пен Шығыс мәдениеттерін оның өз дүниетанымында тамаша ұштастырды. А-дың негізгі зерттеу объектісі — адам. Сол адамның эстетик., этик. талғамы, арман-мақсаты, өмірінің мәні, сезімі мен түйсігі, болмысы мен ұлттық ойлау ерекшелігі ұлы ойшылды терең тебіреніске түсірген. Шығыс ойшылы ретінде А. адам проблемасын үлкен ауқымда, яки қоғамдық, руханилық, құндылық, этик., эстетик. тұрғыдан зерделеді. Ол адам табиғатын этик. тұрғыда қарай отырып, “сегіз қырлы, бір сырлы” сырбаз адам, яки кемеліне жеткен, “толық адам” кейпінде алға тартады. “Абайға шығыстан кірген бұйымдардың басы ислам діні”, — дейді Әуезов. Шындығында, А-дың “жан сыры”, “жан құмары”, “жан қуаты”, “жан жарығы”, “хауас”, “хауас сәлим”, “хауаси хамса”, “хауаси хамса заһири”, “толық адам”, т.б. филос. ұғым танымдар жөніндегі көзқарасы Ислам филос-сын терең танығанын байқатады.

“Әрбір ғалым — хакім емес, әрбір хакім — ғалым”, “Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді” — деген пікір – ғұламаның филос. көзқарасы. Жалпы, А- дың филос. көркемдік, әлеум. гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. А-дың қара сөздері (Ғақлия) — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, филос-дағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын А-дың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты- жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. А. өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен филос. сананы ұштастырады. А-дың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеум. ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының филос. концепциясын құрайды. А-дың қара сөздері сондай- ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан “Абай” журналында жарық көрді. Кейіннен, А-дың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.

А. муз. саласында да мол мұра қалдырып, қазақтың муз. өнерін дамытты. Қазіргі уақытта ақынның 27 әнінің 36 нұсқасы нотаға түсірілген. “А. қазақтың ән-күй творчествосын ерекше бағалаған. Бірақ ән атаулының бәрін қабылдамай, оның да “естісі мен есері барын” айтып, “Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күйді” ғана ұнатқан. Бүкіл шығыстың, орыс- тың, қазақтың халықтық әдебиетін терең зерттегеніндей, А. қазақтың халық ән-күйлерін жете білген. Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет, Жаяу Мұса сынды халық композиторларының ән-күй дариясынан сусындап, әншілік-күйшілік өнерді ерекше бағалаған. А. тек тыңдаушы ғана болмай, өзі де ән шығарған. А-дың ән творчествосы қазақтың халық муз-ның тарихында ерекше орын алады. “Сегіз аяқ”, “Қор болды жаным”, “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Ата-анаға көз қуаныш”, “Сұрғылт тұман”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Амал жоқ, қайттым білдірмей” (“Татьянаның хаты”), “Қараңғы түнде тау қалғып”, “Ішім өлген, сыртым сау”, т.б. әндері арқылы ол халықтың ән творчествосын сан жағынан байытып қана қойған жоқ, сондай-ақ қазақ поэзиясында жаңа өлшем, жаңа түр тапқаны сияқты, қазақ әніне де жаңа әуен- ырғақ, жаңа үн, өлшем мен түр ала келген жаңашыл композитор болды. А. әндерінің бір саласы тек өз творчествосына ғана тән өлең өлшемдеріне сай соны ырғақпен өріс табады. “Сегіз аяқ”, “Бойы бұлғаң”, “Көзімнің қарасындағы” 4, 5, 6, 8 буынды өлең өлшемдеріне орай, олардың әні де халық муз-нда бұрын кездеспейтін өзгеше сазға құрылады. “Бойы бұлғаң” әнінің алғашқы жартысы өлеңнің жол санына орай цезуралар арқылы үшке бөлінсе, екінші жартысы өлең ұйқастарына сай (бастым, састым, қаштым), іштей біртұтас сарында астасып жатады. А-дың муз. ойы жаңа өлшемді, соны ырғақты өлеңдерінің негізінде туады.

А-дың басқа халық композиторларынан ерекшелігі — қазақ әндерімен қатар, орыстың халық муз-на, қаланың демокр. ән-романстарына, М.И. Глинка, А.Г. Рубинштейн сияқты классиктердің вокалдық творчествосына құлақ түруі, содан үйренуі. А. әндерінен орыстың, украинның халық әндеріне, романстық лирикалық үлгісіне, демокр. муз. дәстүріне сарындастық айқын сезіледі. Осының нәтижесінде жаңа ырғақты соны әуенді әндер туады. А-дың “Сұрғылт тұман”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Өлсем орным қара жер…”, т.б. әндері — қазақтың ән творчествосында жаңалық ашқан шығармалар. А-дың осындай шумақта келетін әндерінің бірі — “Қараңғы түнде тау қалғып”. Бұл ән 4 муз. фразадан: — а+б+с+б құрылады да, соңғы с+б бөлімдері екі рет қайталанады:

А. орыс классиктерінің шығармаларын аударып қана қоймай, сол аударма өлеңдерге ән де шығарған. А. әндерінің үшінші бір саласы — осындай аударма өлеңдерінің негізінде шыққан әңдер тобы. “Татьянаның хаты”, “Онегиннің хаты” әндері – кезінде қазақ даласына кең тараған шығармалар. Бұл сияқты әндер Пушкин поэзиясын қазақ тілінде өлеңмен де, әнмен де насихаттау ниетінен туғаны байқалады.

А. муз. өнерінде жалғыз болмаған. Оның айналасында ән-күйдің, өлең-жырдың қадірін білетін өнерпаз топ болған. А-дың Петербургте оқыған баласы Әбдірахман мен ағайындас інісі Мұқа скрипкада ойнаса, Ақылбай, Әлмағамбет, Әйгерімдер әннің майын тамызған. Бұл топ А- дың ән творчествосының жанашыр сыншысы да, орындаушысы да, таратушысы да болған. Сондықтан А. ән шығаруға өзгеше жауапкершілікпен қараған. А. Жұбанов пен Л. Хамиди ақын А. әндерін операға пайдаланса, Е. Бруси- ловскийдің “Жалғыз қайың”, А. Жұбановтың “Абай” атты симф. поэмалары, С. Шабельскийдің фортепьянолық триосы, М. Скорульскийдің фортепьянолық квинтеті А. әндерінің негізіңде туды. Ұлы ақынның өлеңдеріне қазақ композиторлары М. Төлебаев, С. Мұхамеджанов, Н. Тілен- диев, Н. Меңдіғалиев, Ә. Еспаев, М.Қойшыбаев, С. Тұрысбеков, т.б. композиторлар өздерінің ән-романстарын жазды. М. Төлебаевтың “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, Мұхамеджановтың “Жарқ етпес қара көңілім не қылса да” атты романстары — А. сөзіне жазған вокалдық шығармалардың сәтті үлгілері. Ақынның муз. мұрасын жазып алу 20-жылдары басталды. Алғаш, А.Э. Бимбоэс Абайдың екі әнін (Мұстафа Нұрбаевтан “Сегіз аяқ”, Нә- зипа Құлжановадан “Татьянаның Онегинге жазған хатын”) нотаға түсіріп алды. А.В. Затаевич, Е.Г. Брусиловский, Л. Хамиди, Б.Г. Ерзакович, А. Жұбанов, К, Жүзбасов, У. Бекенов, т.б. маман- зерттеушілер А. әндерін білетін адамдардан жазып алып, бүгінгі күнге жеткізді. А. муз. мұрасын жинап, сақтауға Әуезов көп күш салды.

А. мұрасы қазақ мәдениеті мен әдеби тілінің дамуына үлкен ықпал жасады. Оның шығармалары басқа тілдерге аударылу арқылы дүние жүзіне тарады. Шығармалары орыс (1990, 1914, 1936, 1940, 1945, 1951, 1958, 1972, 1980, 1981, 1983, 1985, 1995), өзбек (1945,1961,1970), татар (1949, 1981), қырғыз (1954), әзербайжан (1971), қарақалпақ (1955, 1985), түрікмен (1958, 1970), ұйғыр (1951,1972,1984), молдаван (1970), латыш (1970), украин (1977), ағылшын (1970, 1985), араб (1970), қытай (1955, 1955, 1983), монғол (1954), чех (1952, 1959), т.б. әлем тілдерінде басылып шықты. Қазақ әдебиеті тари- хы салаларының бірі — абайтану ғылымы ақын мұрасын кең ауқымда зерттеу мәселесімен шұғылданады. Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. А. атында қала (Қарағанды обл.), аудан (Шығ. Қазақстан обл), Семей, Қарқаралы қ-ларында, Жидебайда әдеби-мемор. музей-мұражайлар бар. А-дың әдеби мұрасын студент жастарға тереңдей таныстыру мен оның шы- ғармаларын ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында 1969 ж. Алматы МУ-нің (бұрынғы ҚазПИ-дің) қазақ әдебиет кафедрасы жанынан Абай кабинеті ашылған. Алматы, т.б. қалалардағы театрларға, көшелерге ақын аты берілген. Абай атында шың, асу бар. Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы Әуезовтің бас кітабы — “Абай жолы ” ұлы ақынға арналған. Ақын тұлғасы өзге де көркемөнер туындыларына өзек болды. “Абай жолы” эпопеясы дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған (1993).

АБАЙ – Қарағанды обл-ндағы Абай ауд-ның орталығы, қала. Қарағанды қ-нан оңт.-батысқа қарай 30 км жерде орналасқан. Ең жақын т.ж. ст. — Астана — Шу жолының бойындағы Қарабас (7 км). Қала негізі Қарағанды көмір алабының батыс телімдерінің игерілуіне байланысты 1949 ж. Шерубайнұра кенті ретінде қаланған. 1961 ж. қалаға айналған. Тұрғындарының саны 40,6 мың (1997). Қалада 5 шахта, “Шығыс” көмір байыту ф-касы, темір-құйматас бұйымдары з-ты, құрылыс материалдары және кұралымдар комбинаты, тігін ф-касы, нан з-ты, қызмет көрсету комбинаты, құрылыс, көлік ұйымдары жұмыс істейді. Тау-кен техникумы, 13 мектеп, 8 аурухана, 2 музыка, 1 спорт мектебі, 2 оқушылар үйі, 6 клуб, жас техниктер мен натуралистер үйі, мәдениет үйі, кинотеатр, кітапхана, стадион, жүзу бассейні бар. Қала арқылы Қарағанды — Жезқазған — Қызылорда автомоб. жолы өтеді. Тұрғындар облыс орталығымен және басқа елді мекендермен автомоб. жолдары арқылы қатынасады.

АБАЙ — Оңт. Қазақстан обл- ның Сарыағаш ауд-ндағы ауыл, аудан орталығы — Сарыағаш қ-сынан оңт.-батысқа қарай 40 км-дей, Шымкент қ-сынан-142 км жерде, шөлейт белдемде орналасқан. 1960 жылға дейін Абай-базар аталды, 1939 — 63 ж. Келес ауд- ның орталығы болды. Ауыл- да а.ш. өнімдерін өндіретін өндірістік кооп. жұмыс істейді. Мәдениет үйі, орта мектеп, кинотеатр, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты, нан з-ты бар. А. арқылы Шымкент — Ташкент автомоб. жолы өтеді. Елді- мекендермен ауыларалық жолдар арқылы қатынасады.

АБАЙ – Ақмола обл-ның Егіндікөл ауд-ндағы ауыл, а-дық әкімш. округ орталығы. Аудан орталығы – Егіндікөл а-нан оңтүстікке қарай 42 км, Астанадан оңт.-батысқа қарай 150 км жерде, Теңіз к-нің солт. жағалауына орналасқан. Ең жақын т.ж. ст. — Жалтыр (102 км). Тұрғындарының саны 1,3 мың (1997). Тың және тыңайған жерді игеруге байланысты 1954 ж. іргесі қаланған. А. арқылы обл. маңызы бар Егіндікөл — Қорғалжын автомоб. жолы өтеді.

АБАЙ – Алматы обл-ның Қаскелең ауд-ндағы ауыл, Райымбек әкімш. округінің орталығы. Аудан орталығы — Қаскелең қ-нан шығысқа қарай 10 км жерде, Ақсай өз-нің сол жағалауында орналасқан. Тұрғындарының саны 4,1 мың адам (1997). А-да құс фермасы, учаскелік аурухана, клуб, кітапхана, т.б. жұмыс істейді, орта мектеп бар.

АБАЙ — Қызылорда обл-ның Арал ауд-ндағы ауылдық әкімш. округ орталығы (1997). Ауданның қиыр солт.-шығ-нда, аудан орталығы — Арал қ-нан 110 км жерде, Баршақұм кұмының орталық бөлігінде, шөл белдемінде орналасқан. Іргесі 1930 ж. қаланды. 1957 жылға дейін “Алға” ұжымшарының, 1957 жылға дейін “Қарақұм” кеңшары мен ауылдық кеңестің орталығы болып келді. Ауылда тігін шеберханасы, қаракөл қойын өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары мен кооп. ш., мәдени-ағарту жөне ден- саулық сақтау мекемелері бар. Тұрғындары аудан орталығымен, елді мекендермен авто- моб. жолы арқылы қатынасады.

АБАЙ — Жамбыл обл-ның Шу ауданындағы ауыл. Төле би а-дық әкімш. округіне қарайды. Боз, бетеге, көкпек шөп аралас өскен шөлейтті дала белдемінде орналасқан. Жақын т.ж. ст. — Шу (20 км жер- де). Тұрғыны 2,0 мың адам (1997). А-да бұрынғы кеңшар негізінде өндірістік кооперативтер, т.б. жұмыс істейді. Орта мектеп, клуб, кітапхана бар. Ауыл тұрғындары жақын елді мекендерге автомоб.жолы арқылы қатынайды.

“АБАЙ”- спектакль (автор М. Әуезов, Л. Соболев, реж. А.Тоқпанов, премьерасы 30.10.1940ж. болды). Ұлы ақын, философ, қоғам қайраткері, композитор, сегіз қырлы, бір сырлы дана Абай бейнесін Қ.Куанышбаев орындады. Оның образды ғажап шығарғаны сонша, өмір бойы тек қана осы рөлді орындап келе жатқандай, ел тірі Абайды көргендей әсерде қалатын. Реж. А.Тоқпанов спектакльді тарихи-этнографиялық әрі сахналық реалистік тұрғыдан шешуге күш салған. Сондықтан костюмдер мен декорация, бутафориялық заттар “жалпы қазақтікі емес, Абай еліне ғана тән” болуын қадағалаған және бұл талап спектакль сәтті шешілуіне біраз үлес қосқан. Абай рөлін ойнаған Қ. Қуанышбаевтың еңбегі кейін бүкіл қазақ театр өнері тарихына актерлік өнердің шыңы болып кірді. Актер мен ролдің бірігіп тұтас образға айналып кетуі деген осы. Спектакль Ш.Аймановтың Керімі, Қ.Әділшіновтің Жиреншесі, О.Жұмағұловтың Оразбайы. С. Телғараевтың Баймағамбеті, Р. Қойшыбаеваның Зейнебі, М. Сыздықовтың Айдары мен

Ж. Жалмұхамбетованың Ажары негізгі бейне Абай — Қуанышбаевпен толық үйлесім тауып тұтас ансамбль құрады. Спектакль сәтті шығып, ұзақ жүруіне бұл басты себеп болды.

1962 ж. спектакльді қайта қойған (премьерасы 29.5.1962) реж. Ә.Мәмбетов оны әлеум. әрі поэтикалық тұрғыдан шешуге зер салды. Негізгі мақсаты: ақын өмірінің филос.мазмұнын, кейіпкерлердің трагедиялық тағдырын ашу. Қойылымға Абай өлеңдерін пайдалану спектакльдің поэтик. бейнесін ашуға, драм. әрекетін кеңейтуге мүмкіндік берді. Реж. бұл қойылымда актерлер таңдауда да мүлде жаңа талаппен келді. Абайды Ы.Ноғайбаев күрескер етіп көрсетуге, ал М.Сүртібаев ақындық, ойшылдық жағын ашуға молырақ көңіл бөлген. Спектакльде Керім — Қ.Қармысов, Оразбай — Ә. Жолымбетов, Жиренше — С. Телғараев, Тәкежан болыс – Қ.Әділшінов, Әзімхан — Ғ. Сүлейменов. Абайдың асыл махаббаты, өмірлік серіктесі Әйгерім — X. Бөкеева, Айдар — Ш.Мусин, А. Әшімов, Ажар Ш. Жандарбекова, Әбдірахман — Р. Сейтметов, Мағауия — С. Оразбаев, Мағаш — Г. Тасыбекова, Баймағамбет С. Қожамкұлов пен Р.Сәлменов, Сырттан — Е. Өмірзақов болды. Бұл трагедия Семей (1962 ж. реж. Ә. Матабаев; 1974 ж. реж. Е. Обаев), Жамбыл (1970 ж. реж. А. Тоқпанов), Шымкент (1963 ж. реж. В.И.Дьяков), Атырау (1959 ж.) Қызылорда (1961 ж. реж. А. Тоқпанов) театрларында қойылды. Абай рөлін Қ.Төлеков (Атырау), С. Рақышев (Жамбыл), С. Досмағамбетов (Шымкент), С. Қыдыралин (Семей), т.б. актер- лер сомдады.

“АБАЙ” — опера. Алғаш рет 24.12.1944 ж. ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 100 жыл, Қазақ академиялық опера және балет театрының құ- рылғанына 10 жыл толу қарсаңында қойылды. Либреттосын М. Әуезов, муз-сын А.Жұбанов пен Л.Хамиди жазған, алғаш қойған реж. — Қ. Жандарбеков. Либреттоға ақын өміріндегі драмалық оқиға арқау болған. Ақын бір — біріне ғашық екі жас Ажар мен Айдарды дәстүрлі әдет-ғұрып бұғауынан босатып алады. Алайда парасат пен махаббат жеңісінің қуанышы тез үзіледі. Күншілдік Айдарды опат қылады. Муз. шешімінің әуезділігі, халықтық ән мұрасымен етене байланыс, кәсіби опера өнерінің жетістіктерін ұлттық операда тиімді пайдалану шығарманың табысы болып саналады. Операға Абай әндері сәтті кіріктірілген. Абай бейнесін ашуға филос. мазмұны терең “Көзімнің қарасы”, “ Қараңғы түнде тау қалғып” сияқты әндер алынған. Образдың шыңы 4-актідегі ақынның халық болашағына се- німді оймен айтылатын “Қай талқы” ариясы. Айдар партиясында “Айттым сәлем, Қаламқас”, “Ұзын қайың” сияқты әндер пайдаланылған. Сондай-ақ терме-желдірме сияқты (2-көріністегі билер соты), жоқтау сарынындағы (Ажар-дың Айдарды жоқтауы) халықтың ән мұрасы операда молынан кездеседі. Халықтың өзі операда жетекші әрекет иесі ретінде көрінеді. Абай партиясын бірінші орындаған — Р. Абдуллин. Кейін бұл рөлді әр жылдарда Е. Серкебаев, Ғ. Есімов, т.б. белгілі әншілер орындады. Ажар партиясын К. Байсейітова, Ш.Бейсекова, Р. Жаманова, Айдар партиясын Б.Досымжанов, Н. Қаражігітов, Ә.Дінішевтер орындады. “А.” операсы қазақ композиторлары жазған, отандық жөне шетелдік сахналарда қойылып, ұлттық опера өнерінің қалыптасып, даму бағдарын айқындаған шығарма болды.

“АБАЙ” — әдеби журнал. Алашордашыл қазақ жастарының ұйымдастыруымен 1918 ж. ақпан — қазан айларында Семейде шығып, 11 нөмірі жарық көрген соң жабылып калған. “Абай” журналын шығаруды қолға алып, тұңғыш редакторы болған — Ж. Аймауытов. Журналдың жұмысына М. Әуезов белсене ат салысты. Алғашқы нөміріне Аймауытов жазған алғы сөзде “кемеңгердің атына арнап, журналымыздың атын “Абай” қойдық… Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнағандық…” — деп, журналдың бағдар-мақсатын айқын көрсетті. Абайдың шығармаларын ұдайы насихаттап, қазақ халкының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен тарихы туралы келелі мәселелер көтерді. Сонымен бірге қоғамдық-рухани өмір, ғылым мен филос. жөнінде де кеңінен жазды. Қазақ халқын өркениетті елдерден үлгі-өнеге алуға, үйренуге, өнер-білімге шақырды. 1992 жылдан қайта шыға бастаған “Абай” журналы бұрынғы дәстүрді жалғастырып, Абайдың әдеби мұрасын, Абайдың ақындық мектебін, қазақ әдебиетінің тарихындағы “ақтаңдақтарды”, аты өшуге айналған қайраткерлерді, ұлттық мәдениетті на- сихаттауға ден қойды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *