1955 жылы Эмма Гейтвуд (Emma Rowena Gatewood) есімді әйел National Geographic жорналынан Аппалачи тау жолы арқылы 3489 шақырымдық ауыр сапарды жүріп өткен бір адам жайлы мақаланы оқиды. Сонымен қатар, мақалада бұл маршрутты небары 5-ақ адам, оның үстіне бесеуі де ер адам екені баса айтылған екен.
Сол кезде 11 перзенттің анасы, 25 немере мен 30 шөберенің әжесі.., 68 жастағы Эмма тәуекелге бел буыпты. Өзімен бірге шамалы азық, жылы көрпеше, сулық, дәрі салынған қобдиша алып, желең киінген де, жолға шығып кеткен. Не картасы жоқ, не компасы жоқ, аз ғана ас-суы бар кемпір сол жолы 15 келіге арықтап, ақыры 142 күн дегенде.., Аппалачи асуын бағындырған.
Ол аз болғандай, араға 5 жыл салып және жасы 75-ке толғанда «тек еркектер ғана жүріп өте алады» деген ауыр жолды бірнеше рет басып өткен…