Терри Фокс. 1958 жылы Канадада дүние есігін ашқан оған 1977 жылы «сүйек жебірі» (рак) деген диагноз қойып, дәрігерлер Терридің аяғын қарасанынан кесіп тастайды.
1980 жылы ол бүкіл Канаданы көктей өтіп, Атлант мұхитының жағалауында жуған қолын, Тынық мұхиттың келесі жағалауына барып шайсам.., сол арқылы «Үміт марафонын» ұйымдастырып, ел назарын қоғамдық мәселеге аударсам деп шешкен екен. Бір сөзбен айтқанда, әрбір канадалықтан 1$-дан ақша жинап, жиылған қаржыны онкологиялық дертті зерттеу ісіне жұмсамақ болған…
1980 жылдың 12-сәуірінде марафонға шыққан ол, тәулігіне 42 шақырымдық жолды жүгіріп өтіп отырды. Оң аяғындағы протезі жанына батып, күн санап алға жылжуы ауырласа да, қан-қан аяғын сүйретіп, алға жылжудан танбады…
1980 жылдың 1-қыркүйегінде аяқтағы жебір дерті өкпеге шауып.., 143 күн бойы тоқтаусыз жүгіріп отырып, 5373 шақырымды артқа тастаған ол, Тандер-Бей қаласының маңында өзінің марафонын тоқтатты. Діттеген жеріне, межелі үмітіне жете алмады. Ньюфаундленд, Жаңа Шотландия, Эдуард сері аралы, Нью-Брансуик, Квебек және Онтарио провинцияларын басып өткен Терри 10 айдан кейін, өзінің 23-ші туған күнін атап өте алмай, қайтыс болды…
1981 жылдың ақпан айына дейін Терри бастаған қайырымдылық акциясының қорына 24 миллиондай қаржы жиналды. Содан бері әлемнің 50-ден аса мемлекеті жылда тұрақты түрде Терри Фокс атындағы қайырымдылық марафонын ұйымдастырып тұрады. «Terry Fox Run» дүниежүзілік тұңғыш әрі жалғыз жеке адамдық қайырымдылық кампания ретінде «Гиннестің рекордтар» кітабына енгізілген. Бүгінде бұл қордың қаржылық қазаны 360 миллиондық қаражатпен толығып отыр.
1983 жылы Канада билігі мұзжарғыш кемеге «Терри Фокс» есімін берді…