Тереза шешей десе, көз алдымызға аса мейірбан, сондай жанашыр һәм кісі баласынан көмегін аямайтын қамқоршы жанның образы қалықтап келе қалатыны бар. Ол кім, «Тереза шешей» деп елдің бәрі қамқорлықтың бұлжымас эталонына айналдырған кісі? Былтыр ғана халықаралық қайырымдылық ұйымдар мен христиан дінінің өкілдері бірауыздан «әулие» дәрежесін берген неткен адам, ол?..
Католик дінінің өкілі әрі дінтаратушысы ретінде өзінің пәлен жыл өмірін Үндістандағы кедейшілік пен ауыр дертке қарсы күресуге арнаған Тереза шешей ел айтқандай қамқор да мейірбан емес екен!
Оның ұстанымы бойынша барлық адам ауыр азап тартып, кісі айтқысыз қиыншылықты басынан өткеріп, ең сорақы хәлде көз жұмғанда ғана жаны жәй табатынға ұқсайды. Оны өзі «Исаның тартқан азабы» деп түсіндіріп, халықаралық ұйымдардың көмегімен соғылған ауруханаларында пациенттеріне үнемі қолданатын болған.
Ол хәл үстінде қиналып жатқан сырқаттарға жан тыныштандыратын дәрі салуға, дертін жеңілдететін ем жасауға үзілді-кесілді қарсы боп, қайта, ашық жараларды таңдырмай, құрттап, шіріп кетуіне жағдай жасайтын болған көрінеді.
Терезаның пайымынша, адамның азап шегуі оны Құдайға жақындата түседі-міс. Сол себепті, оның ауруханаларында кісі емдеу тұрмақ, дені сау адамды дұрыс қабылдауға еш жағдай жасалмаған екен. Тіпті, Тереза шешейдің «мейірбандығы» сол, ол медицинадан еш хабары жоқ жастарды ауруханаға жұмысқа алып, «кісіні емдейтін адам емес, Құдай!» деген түсінікпен.., бір салған инені бірнеше рет пайдаланып, медициналық тазалықты мүлдем сақтамаған деседі.
Соның салдарынан, «мейірбан» Тереза шешейдің алдын көрген пациенттердің жазылуынан гөрі өліп кетуі көп болған екен. Ал, сырқаты енді басталып, тезірек айығуға бет бұрған пациенттерді «Құдайдың назары түспеген пенде» деп, ауруханадан шығарып тастап отырған.
Бір қызығы, өзінің дерті асқынып, ауруы жанына бата бастағанда.., «жан азабын насихаттаушы» Тереза шешей өзінің емес, медицинасы дамыған елдердің емханаларында жатып емделген…