Ресей суретшілерінің Көшпелі көрмесі

Бұл оқиға 1883-1885 жылдары Ресей суретшілерінің Көшпелі көрмесі ұйымдастырылғанда басталған еді. Әу баста орыс патшалығының бетпердесін сыпырып, қандықол биліктің шынайы бейнесі паш етілгенінде.., император ІІІ Александрдың маңайындағы жандайшаптар жалаңаштанып қалған орыс рухын бүркемелемек болған. Сол үшін ғаламат суретші Илья Репинді және оның туындысын құрбандыққа шалады.

Император білмесе де, оның атынан Иоанн Грозныйдың әйгілі картинасын көпшілік назарына ұсынуға «тыйым» салып, ақырында шынайы орыс бейнесін әшкерелеген туындыны саяси құралға айналдыру көзделеді. Сарай маңындағылардың талабы бойынша Репин мен Крамской бірнеше күн әуреленіп, аталмыш картинаға «Иоанн Грозный мен оның ұлы Иван» деп ат қояды да, оған оқиғаның нақты датасы «16-қараша, 1581 жыл» деген цифрды қосақтап жібереді.

Тарих пен өнерге адал қос суретші бұл туындыны «Ұлын өлтіруші» деп атаса — өздері де, картина да ұзақ өмір сүре алмайтынын шын түсінген еді. Сол үшін де бастарын бәйгеге тігіп, жоғарыдағы датаны қосақтауының өзі үлкен ерлікке бара-бар іс екенін мойындау керек.

Картинаны кейіннен өнер меценаты Третьяков сатып алады.

… . …

1913 жылы 30 (ескіше 17) қаңтарда ағайынды Третяковтардың қалалық музейінде суретші Репиннің «Өз ұлын өлтірген Иоанн Грозный» немесе «Иоанн Грозный мен оның ұлы Иван» атты картинасына қаскөйлік шабуыл жасалды.

Картинаға шабуыл жасаған 28 жасар Абрам Абрамұлы Балашов галарея қызметкерлеріне жақсы таныс иконсалушы (суретші) адам. Оның бұрын мұндай оқыс мінезі немесе қияли қылығы байқалмаған.

Куәгерлердің айтуынша, Третяков көрмесінде бұрын да бірнеше рет болған Балашов Суриковтың «Боярыня Морозова» картинасының алдында өз-өзінен күбірлеп ұзақ тұрған. Сосын, Репиннің «Иоанн Грозныйы» ілінген залға кірген кезде жын қаққандай құтырып, картина алдына қоршау етіп керілген арқаннан аттап өткен де, «Қан төккендерің жетер!» деп айғайлап, қолындағы орақіспетті имек пышағымен полотноны осып-осып жіберген.

Сол жерде тұрған кезекші қарауыл қылмыскерді жерге жығып, қолындағы пышағын алып қойғанымен, картинаны сақтап қала алмаған. Пышақ Иоанн мен баласының бет-бейнесін әжептәуір зақымдапты.

Полиция бөліміне жеткізілген Балашов өз ісіне өкініп, қайта-қайта «О, Тәңірім! Мен не істедім?!» деп отырғаны жөнінде оқиға орнынан мәскеулік «Ранее утро» гәзеті жазады (1913 жыл).

Бұл оқиғаны Ресей басылымдары кеңінен сөз етті. Бүлінген картинаны Третьяков музейіне басшылық еткен Игорь Грабарь, әйгілі галереяның бірқатар туындылары мен аталмыш картинаның қамқоршысы И.С.Остроухов, реставратор Д.Ф.Богословский, тіпті, Илья Репиннің өзі бас-көз боп жүріп, қалпына келтіреді.

Сол екі арада Репин мен оның әйгілі картинасын мансұқтау тобы құрылып, Политехникалық музейде бірнеше айға созылған арнайы пікірталас кампаниясы ұйымдастырылады.

Ең ақырында қалпына келген туындыны Нечаева-Мальцова әйнек зауытында тапсырыспен жасалған арнайы мөлдір шыны рама-қалыпқа (капсулаға) орналастырып.., Шаляпин бастаған сол кездің игі жақсылары мен интелигенция өкілдері Репин мен оның туындысының өмірге қайта келген «екінші туған күнін» банкет жасап, атап өтеді.

Балашовқа не болды? Императорға жағынушы шығармашылық адамдары оны «Репиннің талантын көре алмаған әуесқой суретші» деп күстаналағансып, бостандыққа қоя берген…
… . …

Игорь Грабарьдың Репин туралы монографиясын оқып жатқанымда кеше (26-мамырда) «Третьяков галереясындағы И.Репиннің «Иоанн Грозный мен оның ұлы Иван» атты әйгілі картинасына шабуыл жасалды» деген суыт хабарды ресейлік телеарналар жарыса таратып жатты.

Тарихи туындыға шабуыл жасаушы — Игорь Подпорин деген біреу. Жасы 37-де. Жұмыссыз. Өзбекстанның тумасы. 2000 жылдары Воронежь облысына көшіп келген. Бірақ ол тұрады деген деревняда оны танитын, көрдік-білдік деген жан баласы жоқ. ТВ-журналистке сұхбат берген біледі-ау дегендердің барлығы біреу жазып бергендей, бас-аяғы қабыспайтын әңгіме айтады.

Бұл нені білдіреді? Бұл орыстың бүгінгі саясатын білдіреді! Тағы да Репин мен оның әйгілі туындысының құрбандыққа шалынғанын байқауға болады. Тарихи оқиғаны паш ететін ұлы туынды тағы да орыс саясаты үшін құрбан болды…

Орыс ұлтының шынайы бейнесі мен қан сасыған тарихын бүркемелеу үшін — картинаның даңқын шығару керек болып тұр!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *