«Пионерская правда» газеті

1933 жылы «Пионерская правда» газеті Коля Юрьев деген батыр пионер туралы очерк жариялады. Онда Коляның совхоз меншігіндегі егін алқабынан бір уыс бидай ұрлаған қызды ұстап алып, заң орындарына табыстағаны ерекше пафоспен баяндалады.

Сол кездің деректеріне көз жүгіртсек: Проня Колыбин дейтін пионер егін даласынан бірнеше масақты рұқсатсыз теріп алған анасының «қылмысын» үкімет адамдарына жеткізген. Көп ұзамай, оның анасын түрмеге отырғызып, ал, Коляның өзін Қырымдағы Артек пионер лагеріне демалуға жіберген.

Дондағы Ростовтан шыққан батыр пионер Митя Гордиенко масақ теріп жүрген көрші отбасы туралы тиісті орынға мәлімдеген. Олардың еркегі ату жазасына, әйелі 10 жылға қатаң жазамен түрмеге кесілген. Өзінің қырағылығы үшін және мемлекет мүлкіне деген адалдығы ескеріліп.., батыр бала арнайы қолсағат пен пионер формасымен, аяғына жылы етік және «Ленин немерелері» газетінің жылдық жазылымымен марапатталған.

1934 жылы тамыз айында Челябинскіде өткен пионерлер слетінде Дуся Аксенова деген батыр пионер қыз көп алдында ерекше марапатталған. Себеп: Дуся қолында қайшысы, қолтығында қапшығы бар көрші әйелдің егін даласына қарай бет алғанын дер кезінде тиісті орынға хабарлап үлгеріпті.

Ваня Холмогоров дейтін пионер түнделетіп егін алқабы жағынан бұқпантайлап келе жатқан көршісі Еремей Дерюшев туралы совхоз басшыларына хабар берген. Жергілікті милиция қызметкерлері Еремейдің үйіне келгенде, оның қос уыс бидайды қайнатып жейін деп жатқанының үстінен түскен. Алайда, мемлекет меншігіне зиян келтіруші Еремей қатаң жазадан құтылып кетіпті. Ол бірер күннен кейін түрме абақтысында белгісіз жағдайда көз жұмған. Сол кезде Еремейдің жасы 79-да екен…

1948 жылы батыр пионер Павлик Морозовқа қойылған ескерткіш алдында үлкен жиын болған. Жиында сәбет әдебиетінің көрнекті өкілдері — Александр Фадеев, Леонид Леонов, Самуил Маршак, Всеволод Иванов, Валентин Катаев, Всеволод Вишневский, Сергей Михалков, Лев Кассиль, Анатолий Софронов, Михаил Пришвин, Агния Барто, Сергей Григорьев, Борис Емельянов, Лазарь Лагин секілді ақын-жазушылар бүкіл одақтың жас пионерлерін қоғам мүлкін көздің қарашығындай сақтауға, ел мүддесі үшін жас өмірін қиюға дайын болуға шақырып, жалынды сөз сөйлеп, мадақ өлеңдер оқыған…

Сол ескерткіштің тұғырына орнатылған «Павлик Морозовқа Мәскеу жазушыларынан ерекше құрмет» деген жазуы бар тақта кейіннен алынып тасталған…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *