Норберт Виннер деген «кибернетиканың атасы» бар. Жебірей. Америкада өмір сүрген. Оның ғаламат ұмытшақ һәм жаңғалақ мінезін замандастары талмай қылжақ еткенге ұқсайды.
Норбекең жәйлі адам сенгісіз бір оқиға былай болған көрінеді: Бірде, Виннердің отбасы жаңа пәтерге көшіп барған бетте, әйелі оның әмиянына жаңа үйлерінің мекен-жайы жазылған тілдей қағазды ықтияттап салып қояды. Үнемі ой үстінде жүретін ұмытшақ күйеуі кешкісін адасып кетпесін деген ғой…
Содан, жаңғалақ Норберт көшеде ойланып келе жатқанда, басына ғаламат идея сарт етіп келе қалады да, әмиянында жатқан бір жапырақ қағазға сойдақтатып бір формулаларды жазып тастайды. Шамалы жүргеннен кейін, әлгі ойының түкке тұрмайтынына көзі жетіп, формула жазылған қағазды умаждап.., қоқыс жәшігіне атып ұрған.
Кешкісін, жұмыстан шыға сала үйіне алып-ұшып жеткен Норбекең қаңырап тұрған ескі пәтеріне кіріп келеді де, төбесінен жай түскендей есеңгіреп отырып қалады. Аңғал-саңғалы шыққан бос үйдің бөлмелерін кезген сайын, есі шығыпты, байғұстың…
Мең-зең боп далаға шыққан ғалым, аулада тұрған бір кішкене қызға таяп кеп, мұңын шаға бастайды.
— Кешіріңіз! Мен профессор Виннер деген боламын. Бұрын осы үйде тұрғанмын. Алайда, біз басқа жаққа көшіп кеткенге ұқсаймыз.., ол жайында бір хабар білесіз бе? — дейді, аянышты үнмен.
Сонда қарияны мұқият тыңдаған кішкене қыз:
— Иә, әке.., шешем сіздің дәп осылай адасып кететініңізді біліп.., мені осында жұмсаған еді!.. — деген екен…