(1832-1919)
Бұл кісі — Пушкиннің қызы. Өлмес жыр жазып кеткен әйгілі классиктің ұрпағы. 1919 жылы қуықтай бір бөлмеде 86 жасында, қарақан басы қалқайып, кісі баласының жақсылығына зар боп, аштан өлген…
Сол кездегі билік бұл кісіге зейнетақы тағайындау мәселесін ұзақ ақылдасқаны соншалық.., асылтекті Мария Александрқызы аштық пен кәріліктен бұратылып, Кеңес үкіметінің береміз деген зейнетақысына жете алмай, азапты күн кешіп өлген. Шаруалар мен кедейлерге бар жақсылықты үйіп-төгеміз деген жаңа биліктің кім көрінгенге жасайтын болмашы жәрдеміне жетпей кеткен. Марияның Қызыл үкіметтен «бұйыртқан» алғашқы және соңғы зейнетақысы.., марқұмның жерлеу жұмыстарына жұмсалған…
Мария Пушкина 28 жасында Гартунг деген генералға тұрмысқа шығып, күйеуінің фамилиясын алады. Өкініштісі сол, араларында бала болмаған. 1877 жылы қазынаның ақшасын жеп қойды деген жалаға іліккен күйеуі атылып өледі.
45 жасында жесір қалған Мария әуелі әйелінен ерте айырылған бауыры Александрдың үйінде тұрып, оның балаларына тәрбиеші болады. Пушкиннің қызының қиын тұрмысын естіген ІІ Александр патша оған айына 200 сом зейнетақы тағайындайды. Алайда, патша үкіметін құлатып, билікке Кеңестік қызыл кәмүністер келген соң, Мария зейнетақыдан қағылып, жоқшылықтың зардабынан басы артық киімдеріне шейін сатуға мәжбүр болады.
Өмірінің соңғы сәтінде Мария бір кездері өзінің үй қызметшісі болған әйелдің үйінде тұрады. Таң ата үйінен шығып, Тверь бульварындағы әкесіне қойылған ескерткіштің қарсысындағы орындыққа барып жайғасады. Содан күн батқанша, қас қарайғанша тапжылмай отыратын болған. Жыл он екі ай солай. Жауынды күндерде де, қар жауған кездерде де…
1919 жылы 7 наурызда ұлы ақынның қызы, текті тұқымның жалғасы — Мария Александрқызы Пушкина-Гартунг 87 жасқа қараған шағында, жоқшылық пен ауыр тұрмыстың тауқыметімен қош айтысып, жүре берді…
Марқұмға жаны ашыған аз ғана топ, өзі секілді жарлы да зарлы күн кешкен ашқұрсақ жандар соңғы қызметін атқарып.., орыс әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген ұлы ақынның қызын Донской ғибадатханасының бағындағы зиратқа жерлеген екен…